Елде құрылыс саласы қарқынды дамып келеді. Алайда салада кадр тапшылығы бар. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше, алдағы 5 жылда бұл салаға 67 мың маман қажет болады. Қазірдің өзінде елде инженер-механик, сәулетші, жобалаушы сияқты мамандардың тапшылығы сезіледі. Кадр мәселесі, әлбетте, стратегиялық жобалардың жүзеге асуына әсер етуі мүмкін, деп хабарлайды 24KZ.
Қай өңірді алсақ та, құрылыс қарқынды. Қаланың бір шетінде тұрғын үйлер бой көтерсе, екінші жағында жаңа өндіріс ошақтары салынып жатыр. Десе де әрі қарай да ауқымды жобаларды іске асыру үшін жұмысшы жетіспейді. Қазір еңбек нарығында инженер-механик, сәулетшілер мен жобалаушылар, геодезистер мен картографтар, механик-техниктер және құрылыс инспекторлары секілді бірқатар маман тапшылығы байқалады.
Әсем Мусилова, ҚР ӨҚМ Құрылыс саласын дамыту басқармасының басшысы:
- Құрылыс көлемінің артуы мен жаңа технологиялардың енгізілуі салаға көптеген маманның қажеттілігін көрсетті. Бүгінде жоғары білікті мамандар мен инженерлік-техникалық жұмысшылар тапшылығы байқалады. Қазір әр мамандықтың өз кәсіби стандарты бар. Бұған қоса, сала дамып, цифрландырылып жатыр. Мұндай үдеріс те кадр қажеттілігіне әсер етіп отыр.
Кадр әлеуетін нығайтуда оқу орындарының маңызы зор. Мәселен, Астанадағы Техникалық колледж құрылыс мамандарын дайындайды. Мұнда келер жылы 400-ге жуық студент түлеп ұшқалы отыр. Олардың арасында лифт шаруашылығына жауапты болашақ электромеханик Диас Ағыбай да бар.
Диас Ағыбай, студент:
– Құрылыс саласында мен лифт бағытын таңдадым. Өйткені бұл салада мамандар жетіспейді, білікті жұмысшыларға сұраныс жоғары. Сонымен қатар бұл бағытта көп нәрсе үйренуге болады. Себебі лифт маманы жан-жақты білімді болуы керек: ол электрмеханика, электр техникасы мен механиканы меңгеріп қана қоймай, бағдарламалау саласынан да хабардар болуы мүмкін.
Оқу орнында станокшы, электромеханик, техник-механик және дәнекерлеуші мен бағдарламалық оператор мамандықтарын былтыр 350-ге жуық студент меңгеріп шықты. Бұған қоса, құрылыс саласында жұмыс істеймін деушілерге колледжде арнайы қысқамерзімді оқыту курстары қарастырылған.
Абай Құрманқұлов, Астана Техникалық колледжінің директоры:
– Тек қана колледжде 2-3 жыл оқытып, баланы дайындап қана қоймай, қазіргі нарықта жұмыссыз жүрген жастарды 25-30, 25-35 жас аралығындағы, 40 жасқа дейінгі кісілерді оқыту курстары бар. Солармен дайындауға болады. Колледждерде, жоғары оқу орындарында қысқа мерзімді курстар бар. Мысалы, бізде курстар бар 1, 2, 3 айлық. 2-3 айдың ішінде куәлігін алып, мемлекеттік дайындығымен тәжірибеден өтіп, өндіріске бара алады.
Елде 763 колледж бар. Оның 194-інде құрылыс саласына қажетті кадрлар даярланады. Оқыту жұмысы 20 мамандық пен 49 біліктілік бойынша жүргізіледі. Дәлірек айтсақ, студенттер бұл оқу орнында ғимараттарды салу және пайдалану, сәулет, геодезия, сметалық іс, көпірлер мен тоннельдер салуды меңгеріп шығады.
Дархан Сатанов, ҚР Оқу-ағарту министрлігі Техникалық және кәсіптік білім департаментінің бас сарапшысы:
– 2026 жылы 11 100 студент осы мамандықтар бойынша білімін аяқтады. Оның 10 мыңы мемлекеттік тапсырыс бойынша және 9400 бала жұмысқа орналастырылды. Бұл түлектердің 85 пайызын құрап отыр. Жалпы мамандықтар бойынша жұмыс істеп жатқандар 60 пайызды құрап отыр.
Сарапшылар кадр тапшылығын ел дамуының стратегиялық түйткілі деп бағалап отыр. Дегенмен Оқу-ағарту министрлігі Президенттің биылғы Жолдауындағы міндеттерін жүзеге асыруға қазірден кірісіп кетті. Ведомство құрылыс саласына маман даярлауға басымдық бермек. Өңірлердегі қажеттілікті ескере отырып, мемлекеттік білім беру тапсырысын ұлғайтуды көздейді. Сондай-ақ түлектердің жұмысқа орналасу мүмкіндігін кеңейтуді жолға қойды.
Авторлары: Альмира Оразбай, Арман Ақшабаев
Тегтер #құрылыс саласы #маман #кадр тапшылығыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz