RU
Толық нұсқаға өту
Фото: бейнежазбадан алынған скриншот

Құрылтай балалардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған шараларды күшейтуді ұсынды

16.11.2026, 12:38 26

«Қазақстан балалары» тұжырымдамасының іске асырылу барысын талқылаған Үкімет сағатының қорытындысы бойынша Құрылтай депутаттары уәкілетті мемлекеттік органдарға бірқатар ұсыным әзірледі. Негізгі мақсат – балалардың мемлекеттік қолдауға тең қол жеткізуін қамтамасыз ету, олардың құқықтары мен мүдделерін қорғау және құжатта көзделген шаралардың орындалу сапасын арттыру, деп хабарлайды «24KZ».

Депутаттар орталық мемлекеттік органдарға Тұжырымдаманы іске асыру жөніндегі іс-шараларды алдын ала пысықтап, Бала құқықтары жөніндегі уәкілмен, Құрылтайдың салалық комитетімен және қоғамдық ұйымдармен бірлесіп талқылауды ұсынды. Сондай-ақ балалар мен жастарды өз мүдделеріне қатысты шешімдер қабылдау үдерісіне белсенді тарту, атқарылған жұмыстардың нәтижесін жыл сайын бағалау қажеттігін атап өтті.
Ұсынымдардың жеке бөлігі Оқу-ағарту министрлігіне бағытталған. Атап айтқанда, балалардың әл-ауқаты индексін жетілдіру, әлеуметтік-экономикалық және білім беру көрсеткіштерін баланың психологиялық және әлеуметтік жағдайын сипаттайтын өлшемдерден ажырату ұсынылды.

Бұдан бөлек, полиция есебінде тұрған отбасылардан шыққан балаларға тәлімгерлер бекіту мәселесі көтерілді. Бұл жұмысқа өңірлік әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссиялардың өкілдерін, мәслихат депутаттары мен бизнес-қоғамдастық мүшелерін тарту көзделіп отыр.

Балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру және шығармашылық қабілетін дамыту да назардан тыс қалмады. Осы мақсатта мәдениет үйлері мен ауылдық клубтар жанындағы үйірмелерді жаңғырту, техникалық шығармашылық, робототехника және цифрлық дағдылар бағытындағы үйірмелерді көбейту ұсынылды. Сонымен қатар жетім балаларға арналған және арнайы білім беру ұйымдарының ғимараттарын жөндеу, жаңарту қажеттігі айтылды.

Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдау үшін арнайы педагогтерге сұраныстың өңірлік картасын әзірлеп, маман тапшылығын кезең-кезеңімен жою ұсынылды. Сондай-ақ білім беру және әлеуметтік қорғау жүйелерінің деректерін біріктіру арқылы оқумен қамтылмаған балаларды анықтау, педагог-психологтарға жеке жұмыс жүргізуге арналған жабдықталған кабинеттер бөлу және олардың біліктілігін арттыру қажеттігі көрсетілді.

Депутаттар кәмелетке толмағандарды 2026 жылғы қаңтардан бастап кешкі мектептерге ауыстыру тәжірибесін де тексеруді ұсынды. Мұндай шешімдердің себептерін анықтап, жалпы білім беру жүйесіне қайта оралған балалардың санын есептеу қажет. Ал 2026 жылғы 1 желтоқсанға дейін тергеу изоляторларында отырған кәмелетке толмағандардың орта білім алуын қамтамасыз ету міндеті қойылды.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz