Қазақстанда цифрлық жұмыспен қамту қызметі арқылы 7,5 мыңға жуық адам тұрақты жұмысқа орналасты. Жоба аясында Павлодар және Маңғыстау облыстарында 59 мыңға жуық азаматқа бос жұмыс орындары туралы ұсыныс жіберілген. Жүйе жұмыс іздеушінің түйіндемесін автоматты түрде қалыптастырып, оған қолайлы қызмет орындарын ұсынады. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Халықты жұмыспен қамту департаменті басқармасының басшысы Нысанбай Сисен 24KZ арнасына берген сұхбатында айтты.
Министрлік өкілінің сөзінше, цифрлық қызметтің басты мақсаты – жұмыссыз қалған азаматты кейін жұмысқа орналастыру ғана емес, жұмыссыздықтың алдын алу. Азаматтың келісімімен жүйе қажетті мәліметтерді жинап, алдымен тұрғылықты жеріндегі бос жұмыс орындарын ұсынады. Ондай мүмкіндік болмаса, көрші өңірлердегі, еліміздегі ірі компаниялардағы және шетелдегі жұмыс орындарын қарастырады.
Жүйенің ерекшелігі – азаматтың өзі мансап орталығына барып, жұмыс іздеуіне өтініш беріп жүруі міндетті емес. Тиісті ақпараттық жүйелер арқылы оның түйіндемесі автоматты түрде қалыптастырылып, бос жұмыс орындары ұсынылады. Мұның барлығы азаматтың келісімімен жүзеге асады, – деді Нысанбай Сисен.
Сұхбат барысында елдегі еңбек нарығының қазіргі ахуалы да сөз болды. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, биыл үшінші тоқсанда Қазақстандағы жұмыс күші 9 млн 848 мың адамға жеткен. Оның 9 млн 403 мыңы жұмыспен қамтылған. Ал жұмыссыздар саны – шамамен 445 мың адам. Бұл – еңбек нарығындағы жұмыссыздық деңгейінің 4,5 пайызы.
Жастар арасындағы жұмыссыздық көрсеткіші де төмендеген. 2025 жылдың қорытындысында 3,1 пайыз болған деңгей биыл үшінші тоқсанда 2,9 пайызға түскен. Ал оқымайтын және жұмыс істемейтін жастардың, яғни NEET санатындағы азаматтардың саны 325 мыңнан 306 мыңға азайған.
Биыл 1 қарашадағы жағдай бойынша елде 627 мың адам жұмысқа орналасқан. Оның 273 мыңы – жастар. Жас мамандардың еңбек өтілі болмауына байланысты жұмыс табуда қиындыққа тап болатынын ескерген министрлік «Жастар тәжірибесі» бағдарламасын жүзеге асырып келеді. Биыл осы жоба аясында оқу бітірген 22 мың жас жұмысқа орналасқан.
Сонымен қатар еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар мен жұмыс іздеушілердің таңдауы үнемі сәйкес келе бермейді. Мәселен, ауыл шаруашылығында тракторшы-механизаторларға 600-800 мың теңгеге дейін жалақы ұсынылғанымен, жастардың бұл жұмысқа қызығушылығы төмен. Бұған жұмыс орындарының шалғай ауылдарда орналасуы, еңбек жағдайы мен жұмыс берушілердің біліктілікке қоятын талаптары әсер етеді.
Жұмыс берушілер кәсіби білімі мен тәжірибесі бар маманды іздейді. Алайда жұмыс іздеушілердің мүмкіндігі бұл талаптарға үнемі сай келе бермейді. Азаматтар жалақыға ғана емес, жұмыс орнының орналасуына, жұмыс кестесіне және еңбек жағдайына да мән береді, – деді департамент басшысы.
Сұхбатта жасанды интеллектінің еңбек нарығына ықпалы да талқыланды. Нысанбай Сисеннің айтуынша, жаңа технологиялар жұмыс орындарын жаппай қысқартпайды. Керісінше, күнделікті қайталанатын міндеттерді автоматтандырып, жаңа мамандықтардың пайда болуына мүмкіндік береді. Министрлік жүргізген талдауға сәйкес, 2035 жылға дейін 13 мамандық жойылып, оның орнына 33 жаңа мамандық пайда болуы мүмкін.
Осы өзгерістерге бейімделу үшін азаматтарды қайта даярлау және жаңа дағдыларды меңгерту жұмыстары қолға алынған. Соның бірі – Skills.kz платформасы. Ол арқылы еңбек нарығында сұранысқа ие бағыттар бойынша мамандарды даярлау көзделген.
Тегтер #24жаңалықтар #24KZ #жұмыс беруші #цифрландыру жүйесі #ЖИ
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz