Қазақстанда құрылыс саласындағы кадр тапшылығын азайту үшін жұмысшыларға арнайы баспана бағдарламасын енгізу қажет. Кәсіпкер, Қазақстан құрылысшылар одағы Астана қаласы филиалының директоры Қайыр Рысбек осындай ұсыныс айтты. Оның пікірінше, өз еңбегімен үй салып жүрген құрылысшылардың өз баспанасына қол жеткізуіне мүмкіндік беру жастардың салаға қызығушылығын арттырып, мамандардың жұмысқа деген ынтасын күшейтеді.
Сарапшының айтуынша, құрылыс саласында кадр тапшылығы бұрыннан бар. Ал саланың қарқынды дамуы білікті жұмысшыларға деген сұранысты одан әрі арттырып отыр. Сондықтан құрылысшы мамандығының беделін көтеріп, жастарға кәсіби және әлеуметтік тұрғыдан қолдау көрсету маңызды.
Әскерилерге, мұғалімдерге арналған баспана бағдарламалары бар. Неге құрылысшыларға да осындай мүмкіндік қарастырмасқа? Өйткені сол үйлерді кім салады? Құрылысшылар салады. Егер маман өзі тұрғызған үйде ертең бала-шағасымен тұра алатынын білсе, бұл оның жұмысына деген ынтасын арттырады, – деді Қайыр Рысбек.
Кәсіпкер кадр тапшылығын тек мемлекеттік қолдаумен шешу мүмкін емес екенін айтады. Оның сөзінше, құрылыс компаниялары да маман даярлауға белсенді араласуы керек. Қазір ірі компаниялар өздерінің оқу орталықтары мен мектептерін ашып жатыр. Өйткені салаға инженерлер мен сәулетшілер ғана емес, монолит құюшы, бетоншы, тас қалаушы, дәнекерлеуші және кран операторы сияқты жұмысшы мамандар да қажет.
Біз бұл мәселені мемлекетке ғана артып қоймауымыз керек. Құрылыс компаниялары, мемлекет және оқу орындары бірлесіп жұмыс істеуі қажет. Компаниялар өздеріне қандай маман керегін айтып, студенттердің өндірістік тәжірибеден өтуіне жағдай жасауы керек. Біз де жастарға тәжірибемізбен бөлісуге дайынбыз, – деді кәсіпкер.
Сарапшы колледждер мен құрылыс алаңындағы жұмыс талаптарының арасында әлі де алшақтық бар екенін атап өтті. Оқу орындарында студенттер теориялық білім алғанымен, нақты өндірістегі технологиялар мен материалдар үнемі жаңарып отырады. Сондықтан жас маманның құрылыс алаңында тәжірибе жинап, кәсіби біліктілігін жетілдіруіне мүмкіндік беру қажет.
Қайыр Рысбектің пікірінше, жастарды құрылыс саласына тарту үшін жалақыны ғана емес, еңбек қауіпсіздігін, әлеуметтік қолдауды және кәсіби өсу мүмкіндігін де ескеру керек. Мамандар өз болашағына сенімді болғанда ғана салада тұрақтап, біліктілігін арттыруға ұмтылады.
Тегтер #24жаңалықтар #24KZ #құрылыс #халықтық құрылыс #баспанаPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz