RU
Толық нұсқаға өту
Фото: gov.kz

Бақты – Аягөз теміржолының құрылысы 93 пайызға аяқталды

16.11.2026, 16:33 16

Қазақстанда Бақты – Аягөз теміржол желісінің құрылысы бекітілген кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр. Ұзындығы 303 шақырым болатын жаңа бағытты 2027 жылы пайдалануға беру жоспарланған. Жоба Қазақстан мен Қытай арасындағы теміржол қатынасын кеңейтіп, жылына 20 млн тоннаға дейін жүк өткізуге мүмкіндік береді. Бұл туралы ҚР Көлік министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды «24KZ».

Ведомствоның мәліметінше, бүгінде құрылысқа қажетті 39,5 млн текше метр жер төсемінің 36,8 млн текше метрі төселген. Бұл жоспарланған көлемнің 93 пайызы. Қалған жұмыстар негізінен шекара маңы аумағында және Бақты станциясы ауданында жүргізіліп жатыр.

Сонымен қатар теміржолдың жоғарғы құрылысын төсеу алдындағы дайындық жұмыстары жалғасуда. Қазір 267 су өткізу құбырының 245-і салынып бітті. 19 мал өткелінің 12-сі дайын. Ал 47 көпірдің 43-інде құрылыс жұмыстары жүргізілуде.

Жоба аясында көпір арқалықтары құрылыс алаңында өндіріліп жатыр. Ал рельстер, шпалдар мен бекіткіштерді отандық кәсіпорындар жеткізуде.

Жаңа теміржол желісі іске қосылғанда Қазақстан мен Қытай арасындағы үшінші теміржол шекара өткелі ашылады. Бұл Достық және Алтынкөл өткізу пункттеріне түсетін жүктемені азайтып, жүк тасымалы көлемін арттыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар жаңа бағыт Қазақстанның экспорттық және транзиттік әлеуетін кеңейтіп, отандық өнімдерді Қытай нарығына жеткізуге жол ашады.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz