RU
Толық нұсқаға өту
фото: ЖИ

Қазақстанда балалардың құқығын қорғауға арналған 158 іс-шара жүзеге асырылады

16.11.2026, 17:24 18

Қазақстанда балалардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 2026–2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы қабылданды. Құжат баланың дүниеге келген сәтінен бастап кәмелетке толғанға дейінгі негізгі қажеттіліктерін қамтиды. Оны іске асыру аясында 158 іс-шара жоспарланған. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Толқын Исақова 24KZ телеарнасына берген сұхбатында айтты.

Оның сөзінше, тұжырымдамада балалардың қауіпсіздігі, сапалы білім алуы, денсаулығы, әлеуметтік қамсыздандырылуы және отбасында тәрбиеленуі негізгі басымдық ретінде белгіленген. Құжатты орындауға 16 орталық мемлекеттік орган мен жергілікті атқарушы органдар жауапты.

Бүгінде елімізде 7 миллионға жуық бала тұрады. Бұл – халықтың шамамен үштен бірі. Сондықтан баланың құқығын қорғау мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше назар аудару қажет. Жаңа тұжырымдама баланың туғанынан бастап 18 жасқа дейінгі өміріне қажетті негізгі бағыттарды қамтиды, – деді Толқын Исақова.

Балалар психологиялық қиындыққа тап болғанда немесе өздерін қауіпсіз сезінбеген жағдайда көмек сұрай алуы керек. Комитет өкілінің айтуынша, олар сынып жетекшісіне, әлеуметтік педагогке немесе мектеп психологына жүгіне алады. Бұдан бөлек, өңірлерде психологиялық қолдау орталықтары жұмыс істейді. Онда балаларға ғана емес, ата-аналар мен мұғалімдерге де кеңес беріледі.

Сондай-ақ мектептерде 111 байланыс телефонына арналған QR-кодтар орналастырылған. Балалар сол арқылы өздерін мазалаған мәселелерді жолдап, көмек сұрай алады.

Балалардың құқықтарын қорғау жұмысын өңірлерде үйлестіру үшін де арнайы құрылымдар құрылған. 2025 жылдан бері барлық облыста балалардың құқықтарын қорғау басқармалары жұмыс істейді. Қазір бұл басқармаларда 200-ге жуық маман бар. Олардың міндеті – жергілікті жердегі балалардың қауіпсіздігі мен құқықтарына қатысты мәселелерді бақылап, шешілуіне ықпал ету.

Ең бастысы – баланың бойындағы өзгерістерді дер кезінде байқап, оған назар аудару. Мектеп психологтары диагностикалық жұмыстар жүргізеді. Егер бала қандай да бір қиындықтың белгісін көрсетсе, онымен жүйелі түрде жұмыс істеу керек. Психологиялық қолдау орталықтары да балаға, ата-анасына және ұстаздарға көмек көрсете алады, – деді комитет төрағасының орынбасары.

Ол балалардың құқығын қорғау тек мемлекеттік органдардың міндеті емес екенін де атап өтті. Бұл іске ата-ана, мектеп және тұтас қоғам атсалысуы керек. Әсіресе баланың көңіл күйіне, ішкі жан дүниесіне назар аударып, оны тыңдай білу маңызды.

Балаға қатысты кез келген мәселеге көз жұма қарауға болмайды. Баланы тыңдау, оның үнін есту, көңіл күйі мен ішкі дүниесіне назар аудару – ең бастысы. Ересектердің дер кезінде қолдау көрсетуі баланы қауіп-қатерден сақтауға көмектеседі, – деді Толқын Исақова.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz