RU
Толық нұсқаға өту

Бюджет шығыны қаңтардан бастап қатаң бақылауға алынады

16.11.2026, 19:08 17

Келер жылдың қаңтар айынан бастап мемлекеттік бюджет қаражатының жұмсалуы қатаң бақылауға алынады. Елдің Қаржы министрлігі Смарт аудит Қазақстан электрондық жүйесін қолданысқа беруді көздеп отыр. Жаңа жүйе қаржылық операцияларды талдап, күмәнді шығындар мен заң бұзушылықтарды анықтауға мүмкіндік береді. Басты мақсат – бюджет қаржысын тиімсіз жұмсауға жол бермеу және аудит жұмысын жеделдету, деп хабарлайды 24KZ.

Жаңа жүйені әзірлеуге атсалысқан маманның бірі – Павел Ким. Ол аудитке қатысты барлық жұмысты бір бағдарламаға біріктірді. Енді бюджет қаражатының қалай жұмсалып жатқанын бақылау жеңілдейді. Аудиторлар енгізген мәліметтер жүйеде сақталады. Құжаттарға электронды түрде қол қоюға да болады. Қағазбастылық азайып, жұмыс уақыты үнемделеді.

Павел Ким, Мемлекеттік аудит жүйелерін цифрландыру бөлімінің директоры:

– Бастапқыда біз жүйенің алты модулін іске қосуды жоспарладық. Олардың қатарында тәуекелдерді басқару, тікелей аудит жүргізу, жұмыс сапасын бақылау, алдын ала тексеру, қарама-қайшылықтарды қарау және ішкі аудитке қол жеткізу модульдері бар. Барлығы он сегіз модуль болады. Қалғандарын екі мың жиырма жетінші жылы іске қосамыз. Кейін құқық қорғау органдары және Жоғары аудиторлық палатамен ақпарат алмасуды көздейміз.

Бұл жұмыс ішкі мемлекеттік аудитті дамыту тұжырымдамасы аясында қолға алынды. Жаңа платформа үлкен көлемдегі мәліметтерді талдап, күмәнді операциялар мен ықтимал заң бұзушылықтарды анықтауға мүмкіндік береді. Аудитке қажетті құжаттар да автоматты түрде дайындалады. Демек мамандар есепті қолмен әзірлеуге уақыт жұмсамайды.

Дариға Ташенова, тілші:

– Цифрлық мониторингтің көмегімен бірқатар заң бұзушылық анықталды. Мәселен, соңғы тексеріс нәтижесінде 1,8 трлн теңгенің бюджеттік шығыны заңсыз жоспарланғаны белгілі болды. Сондай-ақ 95 млрд теңге орындалмаған жұмыс үшін төленген. Бұдан бөлек, құны 172 млрд теңге болатын бухгалтерлік операциялар бойынша жалған мәліметтер берілгені расталды. Ал Smart Audit Qazaqstan толық іске қосылғанда, мұндай заң бұзушылықтарды ерте анықтап, олардың алдын алуға болады.

Жаңа жүйе аудиторлардың жұмысын жеңілдетіп қана қоймай, тексеру сапасын да арттырады. Заңсыздықтар дер кезінде анықталып, бюджет қаражатын тиімсіз жұмсауға жол берілмейді.

Олжас Нұқаев, ҚР Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит комитеті төрағасының орынбасары:

– Күнделікті қайталанатын жұмыстар автоматтандырылған соң аудиторлар тексеріліп жатқан құжаттардың мазмұнына көбірек көңіл бөле алады. Мекемелер үшін жеке кабинет қарастырылған. Онда бұрын жүргізілген аудиттер, анықталған заң бұзушылықтар, қабылданған шаралар мен берілген ұсыныстың орындалуы туралы ақпарат сақталады. Бұл мекеме басшылығы ауысқан кезде маңызды. Өйткені бұрынғы тексерулердің тарихы сақталып, жұмыстың сабақтастығы қамтамасыз етіледі.

Дариға Ташенова, тілші:

– Платформаны келер жылдың басында іске қосу жоспарланған. Жүйе 2028 жылы толық жұмыс істейді. Алдағы уақытта оның мүмкіндіктерін жасанды интеллект арқылы кеңейту көзделіп отыр. Мәселен, бір тілде енгізілген құжатты жүйе автоматты түрде екінші тілге аудара алады.

Авторлары: Дариға Ташенова, Серік Қоңырбаев, Бағдат Қайыркен

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz