Almaty SuperSki тау курорты аумағында жүргізілген ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесі шықты. Ғалымдар көктем, жаз, күз айларында табиғи ортаның жай-күйін зерделеді. Атап айтқанда, су ресурстары, мұздықтар, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, топырақ жамылғысы және тарихи-мәдени мұра нысандары назарға алынды. Таныстырылымға ғылыми қоғамдастық өкілдері, үйлестіру кеңесінің мүшелері мен экологтар қатысты, деп хабарлайды 24KZ.
Almaty SuperSki жобасына қатысты зерттеуді еліміздің алты бірдей ғылыми институты жүргізді. Олардың айтуынша, табиғат жанашырларын тау бөктерін мекендейтін жануарлар алаңдатқан. Әсіресе қар барысы мен сібір тау ешкісінің мекені өзгеріп кетпей ме деген сауал болған. Оған қоса, таудағы қар мен мұздықтар, топырақ жамылғысының жай-күйі және су ресурсы мәселесі бар. Осының бәрін ғалымдар әр маусымда бақылады. Құрылыс кезінде экологиялық талап-ережелер сақталатындықтан оң қорытынды шығарды.
Нұрсұлу Ақтаева, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Ботаника және агроэкология кафедрасының профессоры:
- Зерттеу жұмыстарының нәтижесі бойынша анықталған 6 түрлі өсімдік. Бұл Қызыл кітапқа енген. Бұлар негізгі құрылыс аймағына енбейді және тыс аймақта орналасқан. Сиверс алмасының Көкжайлау шатқалында 15 дарағы табылды. 15 дарағы негізгі құрылыс алаңынан алшақ орналасқан. Оларға құрылыстың зардабы тиеді деген ешқандай тұжырым жоқ.
Тау туризмін дамыту – табиғатты қорғау талаптарын бұзбауы тиіс. Мамандардың пікірі осындай. Жобаға жауапты компанияның бас директоры Ержан Еркінбаевтың айтуынша, әлемде тау курорттарының көбі жасанды қар жүйесін пайдаланады. Көкжайлауда тау шаңғы жолының 70 проценті осы әдіспен жасалады.
Ержан Еркінбаев, Kazakh Tourism Development компаниясының бас атқарушы директоры:
- Казгидрология институты зерттеу жүргізіп, екі мүмкіндікті анықтады. Біріншісі – жерүсті суларының қоры, яғни таулардан бастау алатын өзендердің суы. Екіншісі – жерасты сулары. Алайда зерттеу нәтижесіне сәйкес, жерүсті өзен суларының 14-15 пайызы бізге жеткілікті.
Almaty SuperSki жобасы жыл бойы жұмыс істейді. 60 шақырымдық тау шаңғысы жолы, 17 аспалы жол мен көтергіш күніне 10 мыңға дейін адамға қызмет көрсетеді. Оған қоса, жаяу серуендеу, балалы отбасыларға, егде жастағы адамдарға, сондай-ақ қозғалысы шектеулі жандарға арналған инфрақұрылымды дамыту қарастырылған. Жоба мың гектардан аса жерді қамтиды. Оның 20 гектары таулы елді мекенге бөлінген.
Азаматхан Әміртай, «Байтақ» жасылдар партиясының төрағасы:
– Almaty SuperSki – экологиялық стандартта жасалайын деп отырған бірінші жоба. Өйткені Көкжайлауда құрылыстың өзіне бетон жұмыстары жүрмейді. Ол жерде бәрі экологиялық стандартпен жасалады, свай салынбайды. Биоалуантүрлілікке, өсімдіктерге зиян келтірмес үшін бәрі жасалып келеді. Коттедж үйлер салынбайды. Біздің саяси партия ретінде жобада көрсетілген экологиялық стандарттарды бақылауға қауқарымыз бар.
Жоба аумағындағы жер ерекше қорғалатын табиғи аумақ мәртебесін сақтайды. Іле Алатауы ұлттық табиғи паркінің құрамынан шығарылмайды. Ғалымдардың қоршаған ортаны бақылау, биоалуантүрлілікті сақтау сияқты ұсынысы ескеріледі. Олардың өзі де мониторинг жүргізіп отырады. Almaty SuperSki жобасының көздегені де осы ғылыми қорытындылар мен экологиялық талапты ескере отырып, заманауи туристік инфрақұрылымды дамыту.
Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Айдос Қалиев
Тегтер #Almaty Superski #туризм #жоба #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz