RU
Толық нұсқаға өту

Жолдау-2026: СҚО-да көпсалалы аурухана салынып жатыр

16.11.2026, 19:49 14

Солтүстік Қазақстан облысында заманауи көпсалалы аурухана салынып жатыр. Жаңа нысан 480 орынға арналған. Ғимаратта бес медициналық ұйым шоғырланады. Нәтижесінде науқастар қажетті медициналық қызметтің барлығын бір жерден алады. Құны 160 млрд теңгеден асатын кешен келесі жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Құрылыс жұмыстары Президент Жолдауында белгіленген міндеттер аясында жүзеге асырылуда, деп хабарлайды 24KZ.

Облыстық көпсалалы аурухана қазір мына ғимаратта орналасқан. Дәрігерлердің айтуынша, іші тарлық етеді, науқастарды қабылдауға қолайсыз.

Нұрлан Айманов, облыстық көпсалалы аурухананың бас директоры:

– Көп бейінді блоктың қабылдау бөлімшесі триаж жүйесіне бейімделіп жасалған. Бірақ бұл ескі ғимарат болғандықтан, көлемі өте тар. Науқастардың күту залы өте тар. Мейірбикелердің қабылдау және тіркеу орындары да өте тар. Дәрігерлерге орын жетіспейді. Кейбір дәрігерлер бөлімшеден түсіп қарайды. Кабинеттер жетіспейді.

Жаңа медициналық орталық ашылғанда, бұл мәселе шешімін табады.

Аснурия Абдулла, тілші:

– Қазір Петропавлда көпсалалы аурухананың құрылысы жүріп жатыр. Жаңа нысан 480 орынға арналған. Жауапты мамандардың айтуынша, медициналық кешен келесі жылы пайдалануға беріледі.

Нысанның аумағы 92 мың шаршы метрден асады. Мұнда бес медициналық ұйым орналасады. Яғни науқастар толық тексеріліп, зертханалық және диагностикалық қызметтің барлық түрін бір жерден алады.

Нұрлан Айманов, облыстық көпсалалы аурухананың бас директоры:

– Жаңа ғимараттың ең басты ерекшелігі – JCI стандартына сәйкес келеді. Бүгінгі таңда науқастар жататын палаталардың ең үлкен көлемі 20 шаршы метр. Оның ішінде 4-5 науқас жатады. Кей кезде 6 науқас жатады. Ал жаңа ғимаратта 2, әрі кетсе, 3 науқас жатады. Қабылдау бөлмесі, жан сақтау бөлмесі, ота жасау бөлмесі, лаборатория бәрі біріктіріледі.

Жаңа ауруханада 42 операциялық бөлме болады. 7 500 заманауи медициналық құрал-жабдық алынады. Жобаның жалпы құны 160 млрд теңгеден асады. Медициналық кешен Президент Жолдауында белгіленген міндеттер аясында салынуда. Бұдан бөлек, өңірде тағы бірнеше медициналық жобаны жүзеге асыру жоспарланған.

Гүлнәр Қалиева, облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы:

– Қазіргі таңда Айыртау аудандық ауруханасының жоспары бекітілді. Құрылыс енді басталатын болады. Сонымен қатар жуырда берілген Қызылжар аудандық емханасының ескі ғимаратында жоспар бойынша балаларға оңалту орталығын жасау жоспарда бар. Шамамен 3-4 жыл бойы бос тұрған Ғ. Мүсірепов ауданындағы туберкулез диспансері болған. Ол диспансерді бізде ауданаралық көпбейінді аурухана жасау жоспарда бар.

Жалпы, алдағы үш жылда елімізде 70-тен астам денсаулық сақтау нысаны, оның ішінде 10 облыстық балалар ауруханасын салу жоспарланып отыр.

Авторлары: Аснурия Абдулла, Қуаныш Қазбеков

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz