RU
Толық нұсқаға өту

Қостанай облысында атаулы әлеуметтік көмек алушылар 22%-ға азайды

16.11.2026, 20:22 16

Биыл Қостанай облысында атаулы әлеуметтік көмек алатындар 22 пайызға азайды. «Бұл – халықты жұмыспен қамту, кәсіпкерлікті дамыту сияқты іс-шаралардың нәтижесі», – дейді жауаптылар. Отбасының кірісі ұлғайған соң, жәрдемақы төлемі тоқтатылады. Нәтижесінде жергілікті бюджет қаржысынан 181 млн теңге үнемделген, деп хабарлайды 24KZ.

Дария Махамбетова – 5 баланың анасы, мамандығы – мұғалім. Сарыкөл ауылының тұрғыны биыл жаңа кәсіп бастаған. Үй жағдайында иіс сабын жасайды. Балалардың ойыншығы, кәдесый түріндегі, жөкесімен қосақталған сабындарға сұраныс бар деп отыр.

Дария Махамбетова, Сарыкөл ауылының тұрғыны:

– Ауылда тұрсақ та, адамдар келіп жатыр. Мысалы, үлкен жарнама бермесем де, статусқа, Instagram-ға саламын. Адамдар соны көріп, өздері тапсырыс беруге келіп жатыр. Енді біз ақырындап Kaspi-ге шығып жатырмыз.

Дария Махамбетова қолы үйреніп, машықтанып алған соң, бизнес жобасын жасап, мемлекеттік грант ұтып алды. Енді қасына көмекші алып, кәсібін кеңейтсем деген ойы бар. «Талпынған адамға ауылда да табыс табуға болады», – дейді кәсіпкер.

Дария Махамбетова, Сарыкөл ауылының тұрғыны:

– Мемлекет көптеген бағдарламаны беріп отыр. Мысалы, мынау тұрған үйдің өзін «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы алғам үкіметтен. Енді бизнес, кәсіп бастауға да мүмкіндік беріп отыр. Мысалға, бұл кәсіпті үкіметке қарамай-ақ та бастай беруге болатынына көзім жетті одан кейін барып.

Жалпы Сарыкөл ауданында атаулы әлеуметтік көмек алушылардың саны былтырға қарағанда екі есе азайған.

Ораз Өтетілеуов, Сарыкөл аудандық мансап орталығының басшысы:

– Былтыр ауданда 80 адам атаулы әлеуметтік көмек алған еді. Биыл 38. Біздің негізгі мақсат – еңбекке қабілетті азаматтарды жұмысқа орналастыру, жеке кәсібін ашуға мүмкіндік жасау. 12 тұрғынды кәсіби қайта даярлау курсынан өткіздік. Олардың барлығы бүгінде тұрақты жұмыспен қамтылды.

Биыл облыстық бюджеттен атаулы әлеуметтік көмекке 1 млрд 300 млн теңге қаралған. Ақшалай төлем алатындардың тізімі тоқсан сайын жаңартылып отырады. 1 қарашадағы мәліметке сүйенсек, өңірде 1350 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алу құқына ие. Былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 22%-ға аз.

Динара Аужанова, Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бас маманы:

– Атаулы әлеуметтік көмекке өтініш бергендердің 131-і жұмыссыз екендігі анықталды. 790 адамның жұмысы болғанымен, жан басына шаққандағы айлық табысы кедейлік шегінен төмен болды. Солардың жартысы қоғамдық-әлеуметтік жұмыстарға тартылды. 283 адам тұрақты жұмыспен қамтылып, 9 адам қайта даярлау курсына жіберілді.

Айта кетейік, мансап орталығы арқылы тұрақты жұмысқа орналасқандардың жағдайы бақылауда болады. Міндетті зейнетақы жарнасы, басқа әлеуметтік төлемдері ақпараттық жүйе арқылы тексеріліп отырады.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz