Тәуелсіздік алғалы 1 млн 200 мыңға тарта ағайын елге оралды. Дені – еңбекке жарамды жастағы азаматтар. Яғни экономикалық, әлеуметтік, мәдени бағытта дамуымызға үлес қосып келеді. Мемлекет те ағайынның ортаға сіңуіне, өзін жатсынбауына барынша жағдай жасап келеді.
Тәуелсіздік алған бетте шекара ашылып, сырттағы ағайын елге лап қойды. Тұрмыс тауқыметіне қараған ешкім жоқ. Сол бетте азын-аулақ көмек алғаны алып, алмағаны туған жерді көргеніне тәубе етіп, сіңісіп кетті. Содан бері ішінара болмаса көш тоқтаған жоқ. Тәуелсіздік алғалы Атамекенге 1,2 млн адам оралған. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі кейінгі жылдары квота алуға ниетті жандар қатары артып жатқанын айтады. Ал қандас мәртебесі ықтиярхат пен азаматтықты тезірек рәсімдеуге көмектеседі.
Әлжан Шәріпов, «Отандастар қоры» КЕАҚ баспасөз хатшысы:
- Алғашқы Тәуелсіздік жылдары отбасымен өте көп келді. Яғни, былай айтқанда, алғашқы 10 жылдықта қандастарымыз өте көп көшіп келді. Кейінгі жылдары әлі де көшіп келіп жатыр, бірақ кейінгі жылдары мына өңірлік квоталар енгізіле бастады. Яғни, Солтүстік өңірлерге, Шығыс өңірлерге көшіп келу деген сияқты. Ол квоталар да жыл сайын игеріледі, бірақ сонымен қатар квотасыз да басқа өңірлерге көшіп жатқан қандастарымыз бар.
Елге оралған азаматтардың жартысынан көбі еңбекке қабілетті. Мәселен, биыл келген ересек қандастардың 13 пайызының жоғары білімі бар. Олар жұмыс күші жетіспейтін аймақтарға көшіріліп жатыр. Көшіп келгендермен бес жылға әлеуметтік келісімшарт жасалады. Жалпы Егемендік жылдары елге 1,2 млн қандас көшіп келген.
Әлжан Шәріпов, «Отандастар қоры» КЕАҚ баспасөз хатшысы:
- Әлеуметтік қолдаулар көп жағдайда сол өңірлік квота арқылы жүзеге асады. Жаңағы айтып өткен Солтүстік өңірлерге, Шығыс өңірлеріне көшіп барған қандастарымызға, яғни бір реттік төлемдер, одан кейін жұмысқа орналастыру міндетті, осындай көмектер көрсетіледі.
Иә, қандастардың көбі көршілес елдерден келеді. Бірақ тенденция өзгеріп тұруы мүмкін. Кей жылдары Өзбекстаннан көшіп келгендер көп болса, кейде Қытай немесе Моңғолиядан келетіндердің үлесі артады.
Ал Есімгүл Ли – Оңтүстік Корея тұрғыны. Бұл жақтан 20 жыл бұрын кеткен. Сол жақта отбасын құрды. Қос қызын өсіріп, жетілдірді. Енді елге оралу ниеті бар. Кейіпкеріміз қазір Кореяда қазақтар айтарлықтай көбейгенін айтады. Сол себепті бас консулдық ашылған. Есімгүлдің өзі елге арнайы келіп, «Отандастар қорының» тәжірибесін пысықтап жүр.
Есімгүл Ли, Оңтүстік Кореядағы қандас:
- Біз келіп отырған бағдарлама «Киелі Қазақстан» деп аталады. Ол енді біздің Тәуелсіздік алғанымызға 35 жылға да орай және де шетелде жүрген қазақтардың өзінің тарихын білуі үшін, терең қандай өзгерістер болу үшін болып жатқанын тану үшін жасап жатқан жоба. Соған енді біз келдік, әрине, қуанып жатырмыз. Жаңа басқа қатысушылар, 12 мемлекеттен 20 қатысушы келді. Біреуі жылап, біреуі қуанып, сондай әсер алып жатыр, мен де сондай жағдайдамын.
«Киелі Қазақстан» сынды бағдарламалар қандастарға атамекенін көру үшін емес, біржола көшіп келуге мүмкіндік береді. Жыл сайын Қазақстанның әр аймағында ұйымдастырылған бірегей жоба биыл Шымкент және Түркістан облысында өтті.
Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Нұрмахан Мұсатов
Тегтер #қандас #Тәуелсіздікке 35 жыл #квота #еңбек #АтамекенPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz