RU
Толық нұсқаға өту

Таразда 9 спорт нысаны пайдалануға беріледі

17.11.2026, 08:40 12

Жамбыл облысында 13 спорт нысаны салынып жатыр. Оның тоғызы жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Қалғандарының құрылысы келесі жылы аяқталады. 

Спорт кешендеріңнің көбі аудандарда бой көтереді. Тараздың өзінде мүгедектігі бар спортшыларға арналған инклюзивті спорт орталығының құрылысы жүріп жатыр.

Қала маңындағы Құмшағал тұрғын алабының құрамында 10-ға жуық елдімекен бар. Мұндағы халық саны 25 мыңнан асады. Елді мекендер бірнеше жыл бұрын  қала  құрамына кірді. Балалар бұрын спортпен мектептің залдарында шұғылданатын. Мәселені шешу үшін қала бюджетінен 485 миллион теңге бөлініп, заманауи спорт кешені салынды. Қазір мұнда 500 ге жуық бала спорттың 6 түрінен жаттығады.

Айғаным Асылбек, жас спортшы:

- Бұрынғы мектепте спортпен айналысуға мүмкіндік жоқ еді. Жаттығатын заттар да жоқ болды. Қиын болды. Свет жоқ. Жердегі матрастар да жоқ болды. Осындай жағдайы жасалған спорт кешенінің арқасында мен үлкен белестер көрсетіп, облыс Чемпионатында екі рет бірінші орын алдым. Менің мақсатым – үлкен жарыстарға шығып Әлем Чемпионатынан, Азия чемпионаттарынан үлкен белестер көрсету.

Жиенбай Әбжанов, спорт кешенінің басшысы:

- Үйірменің бәрі тегін. 17 жасқа дейінгі балалар қамтылады. 17 жастан кейін облыстық спорт мектептеріне кетіп жатыр. Жыл сайынғы балаларға формасын да мемлекет қамтамасыз етіп отыр. Құмшағал алқабының балалары қалаға сандалмайды. Жалпы осы спорт кешеніміз, міне, су жаңа, сапасы жоғары. Барлық спорт түрінен құрал жабдықтар қамтылған.

Өңірде  46 мыңнан аса мүгедектігі бар жан тұрады. Олардың 4 мың 383-і тұрақты түрде спортпен шұғылданады. Ал 208 спортшы жасөспірімдер, жастар және ересектер арасындағы Ұлттық құрама сапына енген. Алайда осы күнге дейін олардың ортақ спорт базасы жоқ. Спортшылар әр спорт мектебіне бөлініп, жаттығып жүр. Бұл мәселе келесі жылдың көктемінде шешіледі. Таразда инклюзивті спорт орталығының құрылысы жүріп жатыр. Нысан 1,4 гектар аумақта орналасады. Жалпы ауданы – 3600 шаршы метр. Бір мезетте 300 адамды қабылдайтын орталықта жаттығу залдары, спорт алаңдары және жарыстар өткізуге қажетті жағдайлар жасалады.

Нұржан Жолдасбеков, Дене мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған спорт клубының басшысы:

- Осы жетістіктерімізді ұстап тұруға және алдағы уақытта халықаралық деңгейдегі спортшылармен бәсекелестікте болу үшін заманауи спорт кешенінің қажеттілігі туындап отыр. Аталған спорт нысаны осы дене мүмкіндігі шектеулі жандардың ерекшеліктерін ескере отырып, заманауи спорттық құрал жабдықтарды пайдалана отырып, жаттығатындығына ерекше назар аудару қажет болады.

Биыл облыста 13 спорт нысанының құрылысы жүріп жатыр. Жыл соңына дейін оның тоғызы ел игілігіне беріледі. Нәтижесінде өңір халқының спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету деңгейі 77 пайызға жетеді.

Авторлары: Мерей Бает, Бақытжан Бапаев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz