RU
Толық нұсқаға өту

«Халықтық құрылыс»: тұрғындардың пікірі құрылыс жоспарына қалай енгізіледі?

17.11.2026, 09:11 21

2027 жылы әлеуметтік нысандар мен инфрақұрылым салуға 1,5 триллион теңге бөлу жоспарланып отыр. Қаражат мектептер, кітапханалар, спорт кешендері және көлік инфрақұрылымы сияқты халыққа қажетті нысандарды салуға бағытталмақ. Ал тұрғындар өз өңірінде қандай нысан бой көтеруі керегін қоғамдық тыңдауларда талқылап, құрылыс жобаларын жоспарлауға қатыса алады. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті Құрылыстағы сметалық нормалар басқармасының басшысы Қайрат Өтемісов 24KZ телеарнасына берген сұхбатында айтты.

Мемлекет басшысы 2027 жылды «Халықтық құрылыс» жылы деп жариялаған. Бастаманың негізгі мақсаты – елді мекендерде әлеуметтік нысандар мен инженерлік инфрақұрылымды дамытып, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту.

Қайрат Өтемісовтің айтуынша, құрылыс жобалары алдымен елді мекендердің бас жоспары мен егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары негізінде әзірленеді. Бұл құжаттар бекітілмес бұрын міндетті түрде қоғамдық тыңдау өткізіледі. Сол кезде тұрғындар ұсынылған жобаларды талқылап, қай жерде мектеп, балабақша, аурухана немесе басқа нысан қажет екенін айта алады.

Бас жоспарлар мен егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларын бекітпес бұрын қоғамдық тыңдаулар өткізілуі керек. Тұрғындар қандай нысан қажет екенін, оның қай жерде орналасқанын талқылайды. Халықтың пікірі ескерілгеннен кейін ғана жобалар мемлекеттік сараптамадан өтеді, – деді Қайрат Өтемісов.

Бастапқы кезеңде әлеуметтік нысандар мен инженерлік желілерді дамытуға басымдық беріледі. Олардың қатарында мектептер, кітапханалар, спорт кешендері және көлік инфрақұрылымы бар. Қаражаттың тиімді жұмсалуын бақылау үшін арнайы комиссия құру да жоспарланған.

Комитет өкілінің сөзінше, құрылыс кезінде қолданыстағы нормалар мен бас жоспар талаптары сақталуы маңызды. Мәселен, мектеп, балабақша және медициналық ұйымдардың орналасуы тұрғындар үшін қолжетімді болуы керек. Бұл талаптар құрылыс нормаларында қарастырылған.

Жоба толық жүзеге асса, елді мекендерде әлеуметтік нысандар көбейіп, тұрғындар үшін медициналық көмек, білім беру және спорт инфрақұрылымына қол жеткізу мүмкіндігі артады.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz