Қазақстанда міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі арқылы азаматтарға бес түрлі жағдайда қаржылай қолдау көрсетіледі. Атап айтқанда, еңбекке қабілеттілігінен, жұмысынан немесе асыраушысынан айырылған, сондай-ақ бала күтімі кезеңінде табысынан айырылған азаматтар Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төлем ала алады. Қолдау көлемі адамның бұрынғы табысы мен әлеуметтік аударымдарына байланысты есептеледі. Бұл туралы «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының» ресми өкілі Ерлан Мұқан «24KZ» арнасына берген сұқбатында айтты.
Қордың ресми өкілі Ерлан Мұқанның айтуынша, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі 2005 жылдан бері жұмыс істейді. Бастапқыда үш түрлі әлеуметтік төлем қарастырылса, қазір олардың саны бесеуге жеткен.
Жұмыс беруші қызметкер үшін 5 пайыз аударым жасайды
Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің басты ерекшелігі – жарналар қызметкердің жалақысынан ұсталмайды. Оны жұмыс беруші өз есебінен төлейді. Қазіргі уақытта әлеуметтік аударым мөлшері қызметкер табысының 5 пайызын құрайды.
Жұмысшы азаматтардың жалақысынан бір де бір тиын аударылмайды. Сәйкесінше, жұмыс беруші өзінің жұмысшысы үшін әлеуметтік сақтандыру жүйесіне 5 пайыз көлемінде жарна аударып отырады. Бұл – өзара ынтымақтастық қағидаты, – деп түсіндірді Ерлан Мұқан.
Оның айтуынша, жүйенің негізгі мақсаты – азаматтарды күтпеген әлеуметтік тәуекелдер туындаған кезде қаржылай қолдау. Яғни әлеуметтік төлемдер барлық жұмыс істейтін адамға бірдей берілмейді. Ол заңнамада көзделген белгілі бір жағдайлар орын алғанда тағайындалады.
Еңбекке қабілеттілігінен айырылғандарға ұзақ мерзімді төлем қарастырылған
Әлеуметтік сақтандыру жүйесіндегі маңызды бағыттардың бірі – еңбекке қабілеттілігінен айырылған азаматтарды қолдау. Әсіресе жұмыс барысында жазатайым оқиғаға ұшырап, денсаулығына зақым келген адамдарға арнайы төлем тағайындалады.
Ол үшін азамат медициналық-әлеуметтік сараптамадан өтуі керек. Сараптама қорытындысы бойынша еңбекке қабілеттіліктен айырылу деңгейі 30-дан 100 пайызға дейін белгіленеді. Төлем мөлшері де осы көрсеткішке сәйкес есептеледі.
Еңбекке қабілеттілігінен айырылу деңгейі 30 пайыздан 100 пайызға дейін анықталады. Егер 30 пайыз болса, төлем мөлшері аз болуы мүмкін, ал 100 пайыз болған жағдайда төлем соған сәйкес есептеледі, – деді қор өкілі.
Бұл ретте азаматтарға қолдау тек Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан ғана көрсетілмейді. Мемлекеттік бюджеттен де тиісті төлем қарастырылады. Ал жұмыс беруші қызметкерді жазатайым оқиғалардан сақтандырған болса, жеке сақтандыру ұйымы да өтемақы төлеуі мүмкін.
Егер жұмыс беруші қызметкер үшін міндетті әлеуметтік аударымдар жасамаған болса, өндірістік жарақатқа байланысты оның емделуі мен денсаулығын қалпына келтіруге қатысты шығындарды өтеу міндеті де жұмыс берушіге жүктеледі.
Асыраушысынан айырылған отбасыларға да көмек беріледі
Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі асыраушысынан айырылған отбасыларды да қамтиды. Егер жүйеге қатысушы азамат қайтыс болса, оның асырауындағы отбасы мүшелеріне әлеуметтік төлем тағайындалады.
Балаларға төленетін қолдау 18 жасқа дейін жалғасады. Ал күндізгі оқу нысанында білім алып жүрген студенттер үшін төлем 23 жасқа дейін қарастырылған.
Бұл – отбасының негізгі табыс көзінен айырылған жағдайда балалардың әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз етуге бағытталған тетік.
Бала күтіміне байланысты төлемді жұмысқа шыққаннан кейін де алуға болады
Әлеуметтік сақтандыру жүйесіндегі тағы бір маңызды бағыт – ана мен баланы қолдау. Жұмыс істейтін әйелдерге жүктілікке және босануға байланысты, сондай-ақ бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты табысынан айырылу жағдайына төлем беріледі.
Спикердің сөзінше, бала дүниеге келгеннен кейін анаға денсаулығын қалпына келтіріп, сәбиге күтім жасау үшін қосымша қолдау қажет.
Бала дүниеге келгеннен кейін әйел азаматтың физиологиялық және психологиялық жағдайы бірден оңай болмайды. Сондықтан оған қолдау қажет. Осы ретте мемлекет анаға денсаулығын қалпына келтіріп, өмірін қайта қалыптастыруы үшін әлеуметтік төлем тағайындайды, – деді Ерлан Мұқан.
Сондай-ақ бала күтіміне байланысты демалысқа әкелер де шыға алады. Алайда қор өкілінің түсіндіруінше, әлеуметтік төлем анасына тағайындалады.
Тағы бір маңызды жайт: ана бала күтіміне байланысты төлем алып жүріп жұмысқа қайта орналасса да, әлеуметтік төлемді алуын жалғастыра алады.
2027 жылдан бастап ана мен баланы қолдау тетігі өзгереді
Сұхбат барысында 2027 жылдан бастап бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлемге қатысты өзгерістер енгізілетіні де айтылды.
Ерлан Мұқанның мәліметінше, Әлеуметтік кодекске енгізілетін өзгерістер аясында бұл бағыттағы қолдау «ана мен баланы қолдау» тұжырымдамасы бойынша жүзеге асырылмақ.
Бұл бастама ана мен баланың денсаулығын қорғауға, босанғаннан кейінгі кезеңде әйелдерге қолдау көрсетуге бағытталған.
Жұмыссыз қалған азаматтар алты айға дейін төлем алады
Жұмысынан айырылған азаматтар да Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан қаржылай көмек ала алады. Ол үшін жұмыссыз қалған адам мансап орталығына барып, жұмыссыз мәртебесін ресми түрде тіркеуі қажет.
Қазіргі тәртіп бойынша жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем алты айға дейін тағайындалады.
Төлемнің нақты сомасы азаматтың бұрынғы жалақысына және әлеуметтік аударымдарының көлеміне байланысты. Әр адамның табысы әртүрлі болғандықтан, төлем де жеке есептеу арқылы белгіленеді, – деп атап өтті қордың ресми өкілі.
Сонымен қатар спикер алдағы уақытта Әлеуметтік кодекске енгізілетін өзгерістерге байланысты жұмысынан айырылу жағдайына төленетін әлеуметтік төлем мерзіміне де түзетулер қарастырылып жатқанын жеткізді.
Әлеуметтік сақтандыру – қиын кезеңдегі қаржылай қорғаныс
Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі азаматтың еңбек қызметі барысында қалыптасқан әлеуметтік аударымдарына сүйене отырып, күтпеген жағдайларда қаржылай көмек көрсетуге арналған. Оның аясында жұмысынан немесе еңбекке қабілеттілігінен айырылған азаматтар, асыраушысынан айырылған отбасылар және бала күтімі кезеңіндегі ата-аналар қолдау ала алады.
Сондықтан ресми еңбек қатынастарын рәсімдеу мен жұмыс берушінің әлеуметтік аударымдарды уақытылы төлеуі маңызды. Өйткені бұл – азаматтың өзі мен отбасының әлеуметтік қорғалуына мүмкіндік беретін тетіктердің бірі.
Тегтер #әлеуметтік сақтандыру #экономика #24жаңалықтар #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz