RU
Толық нұсқаға өту

17 қараша – Халықаралық шала туған балалар күні

17.11.2026, 15:00 36

Бұл дата өмірге ерте келген сәбилердің тағдырын, олардың өмірі үшін күрескен дәрігерлердің еңбегін және ата-аналардың үмітін еске салады, деп хабарлайды 24KZ.

Елімізде шала туған сәбилерге медициналық көмек көрсету мүмкіндігі жыл сайын артып келеді. Бүгінде дәрігерлер салмағы бір келіге де жетпейтін сәбилердің өмірін сақтап қалуға қауқарлы. Астанадағы №2 қалалық көпбейінді ауруханада былтыр туған кездегі салмағы небәрі 465 грамм болған нәресте аман-есен үйіне шығарылды. Дегенмен шала туған балалар үш жасқа дейін катамнез бөлімінде дәрігерлер бақылауында болады.

Фазила Абдрахманқызы үшін қызы Айымның әрбір жетістігі – үлкен қуаныш. Нәресте жүктіліктің 26-шы аптасында небәрі 704 грамм салмақпен дүниеге келген. Алғашқы 25 күнін жансақтау бөлімінде өткізді. Бұл күндер анасы үшін оңай болған жоқ. Қазір Айымның жағдайы жақсарып, салмақ қоса бастады. Ана сүтін ішіп, өздігінен емуге үйреніп жүр.

Фазила Абдрахманқызы, Айымның анасы:

– Біз 25 күн бойы реанимация бөлімшесінде жаттық. Қазіргі таңда нәрестелерді күту және патология бөлімшесінде жатырмыз. Бұл бөлімшеде салмақ қосып, өздігінен ему рефлексін қалыптастыру, яғни бөтелкемен тамақтану процесінен өтіп жатырмыз. Ал реанимацияда дәрігерлер өкпесі өздігінен тыныс ала алмайтын балаларға және басқа да медициналық көмекке мұқтаж нәрестелерге қажетті ем-дом жасайды.

Шала туған сәбидің салмағы неғұрлым аз болса, оның өмірі үшін күрес соғұрлым күрделі. Өйткені мұндай балалардың өкпесі, жүрегі мен ас қорыту жүйесі толық жетілмейді. Сондықтан алғашқы күндерден бастап, олардың тыныс алуы мен ағзаларының жұмысы жіті қадағаланады. Бүгінде неонатологтардың қолында мұндай сәбилерді аман алып қалуға көмектесетін заманауи жабдықтар бар. Дәрігерлер тыныс алуды қолдаудың заманауи әдістерін, арнайы тамақтандыру тәсілдерін қолданады.

Шолпан Нұрашбекова, №2 қалалық көпбейінді ауруханасының Нәрестелерді жансақтау бөлімінің меңгерушісі:

– Біздің орталықта жылына орта есеппен 600-ге жуық шала туған нәресте дүниеге келеді. Соңғы жылы салмағы аса төмен сәбилердің өміршеңдік көрсеткіші 79–80 пайызды құрады. Қазір заманауи тыныс алу аппараттарын, энтеральды және парентеральды тамақтандыру әдістерін қолданамыз. Сонымен қатар жүрекке, өкпеге, құрсақ қуысы мүшелеріне төсек жанында ультрадыбыстық зерттеу жүргіземіз. Бұл баланың жағдайын жедел бағалап, емдеу тәсілін дер кезінде өзгертуге мүмкіндік береді. Жалпы мерзімінен бұрын босануға бірнеше жағдай себеп болуы мүмкін. Соның ішінде ана ағзасындағы инфекциялар, артериялық гипертензия, қант диабеті сияқты созылмалы аурулар бар. Сондай-ақ плацентаның мерзімінен бұрын ажырауы мен жатыр мойнының жеткіліксіздігі де жүктіліктің ерте аяқталуына әсер етеді.

Наргиз Бекмағанбетова, тілші:

– Бұл жерде әр минут маңызды. Небәрі 400 грамм салмақпен дүниеге келген сәби үшін әр күн – үлкен күрес. Дәрігерлер оның тыныс алуын, жүрек соғысын, тамақтануын жіті бақылайды. Нәрестенің ширап, салмақ қосуы – мамандар үшін жетістік.

Шақалақтың жетілуіне анасының жылуы аса маңызды. Осы мақсатта дәрігерлер «Кенгуру» әдісін қолданады. Яғни сәбиді анасының кеудесіне жатқызады. Бұл баланың тынышталуына, ана сүтінің мол бөлінуіне ықпал етеді. Бұдан бөлек, ата-аналарға психологиялық қолдау көрсетіледі. Мәселен, №2 қалалық көпбейінді ауруханада жыл сайын 17 қараша – Дүниежүзілік шала туған балалар күніне орай сәбилерді құттықтап, арнайы сыйлықтар табыстау дәстүрге айналған. Биыл да мерекеге орай бүлдіршіндерге арналған шара ұйымдастырылып, тұсаукесер рәсімі өткізілмек. Жалпы Қазақстанда жыл сайын 330 мыңнан астам нәресте дүниеге келсе, соның шамамен 5 пайызы – шала туған балалар. Олар перзентханадан шыққан соң да бақыланады. 3 жасқа дейін мамандар сәбилердің көру қабілетін, жүйке жүйесін, тыныс алуын және жалпы даму деңгейін тексереді. Қажет болған жағдайда оңалту шаралары жүргізіледі.

Авторлары: Наргиз Бекмағанбетова, Ғалымжан Абдылахат

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz