RU
Толық нұсқаға өту

Алматы метросының «Қалқаман» станциясы желтоқсанда ашылады

17.11.2026, 22:30 18

Осылайша, жер асты жолы тағы ұзара түседі. Қазір дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Айта кететін жәйт, биыл 1 желтоқсанда Алматы метрополитенінің іске қосылғанына 15 жыл толады, деп хабарлайды 24KZ.

«Қалқаман» станциясы – Алматының батысында орналасқан. Ол «Бауыржан Момышұлы» бекетінен кейін жайғасқан. 12-ші бекеттің қабырғасына Қалқаман батыр мен Мамыр сұлудың суреті салыныпты. Ғашықтар дастанына арқау болған қос кейіпкердің бейнесі бұл жердің ерекшелігін айқындай түседі. Қазір құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталған, тек мамандар қозғалыс жүйелерін тексеріп жатыр.

Ренат Алдабергенов, «Метрополитен» КМК күрделі құрылыс қызметінің бас инженері:

– Қазіргі уақытта іске қосу, баптау жұмыстары жүріп жатыр. Сондай-ақ станцияның жоғары бөлігіндегі абаттандыру жұмыстары да толық аяқталды. Жаңа «Қалқаман» станциясы ашылғаннан кейін Алматы метросы тәулігіне 130 мыңға жуық жолаушы тасымалдайды.

Бекзат Үшкемпір, тілші:

– Метро – қала тұрғындары үшін уақыт үнемдеудің тиімді жолы. Әсіресе қарбалас уақытта жер үстіндегі көлік кептелісін айналып өтетін тамаша мүмкіндік. Алматы метросы – қала тарихындағы маңызды жобалардың бірі. Осыдан тура 15 жыл бұрын алғашқы жолаушыларын қабылдаған метро бүгінде мыңдаған тұрғынның күнделікті қатынас құралына айналды.

Алматы метрополитенінің тарихы 2011 жылдан бастау алады. Сол жылы желтоқсан айында алғашқы жеті бекет қолданысқа беріліп, жалпы ұзындығы 8,6 шақырым болатын желі іске қосылды. Кейін кезең-кезеңімен ұзартылды. 2015 жылы «Сайран» мен «Мәскеу», ал 2022 жылы «Сарыарқа» мен «Бауыржан Момышұлы» бекеттері қолданысқа берілді. Қазір 11 станция бар.

Дидар Нұрланұлы, қала тұрғыны:

– Білесіздер, қазір қалада кептеліс көп. Адамдар көбіне кептелісте қалады. Қаланың бірінші бөлігінен екінші бөлігіне тез жетесің, қатынау оңай. Автобуспен жүретін болсақ, қазір қалада жарты сағат жерге бір сағат кептеліспен барамыз. Ал метромен әрі кетсе, жарты сағатта жетеміз.

Әнуар Расилов, «Метроплитен» КМК қызметкері:

– Метрополитенде жұмыс істеп жүргеніме 10 жылдай болды. Жылдан жылға жолаушылар көбейіп жатыр. Жаз кезінде салқын, суық кезде жылы. Басында ашылған кезде жолаушылар аз еді. Қазір жылдан жылға көбейіп жатыр.

Қоғамдық көліктің бұл түрі 15 жыл ішінде талай жолаушыны діттеген жеріне жеткізді. Қала үлкейген сайын қала көшелеріне түсетін жүктеме де артып келеді. Сондықтан метро желісін одан әрі кеңейту маңызды. Алдағы уақытта «Қалқаман» бекетінен «Барлық» базарына дейін тағы үш станция салу жоспарланып отыр. «Бұл шаһардың батыс бөлігіндегі көлік қатынасын жақсартуға мүмкіндік береді», – дейді мамандар.

Авторлары: Бекзат Үшкемпір, Валентин Лобанов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz