RU
Толық нұсқаға өту

Өскеменде Үлбі мен Ертіс өзендеріне зерттеу жүргізіледі

17.11.2026, 22:40 35

Өскеменде Үлбі мен Ертіс өзендерін зерттеу жұмыстары басталады. Гидрологтар өзен ағысын бақылап, қауіпті учаскелерді анықтайды, деп хабарлайды 24KZ.

Себебі табиғи факторлардың әсерінен екі өзеннің де ортасында аралдар пайда болды. Кей жерлерде су арнасы бағытын өзгерткен. Салдарынан жағалауды су шая бастады. Протозанов көшесінің бойындағы жағалаудың топырағы опырылып түскен. Қазір арнайы комиссия құрылып, жұмыс басталды.

Үлбі өзенінің жағасындағы бетон құрылымдардың астын су шая бастаған. Салдарынан сол маңдағы тротуар кірпіштері сөгіліп, аралары ажырап кетті. Қауіпті учаске бірден қоршауға алынды.

Эльмира Ахметова, тілші:

– Бұл қала тұрғындары жиі серуендейтін Үлбі мен Ертістің бойындағы ең ұзын жағалау. Мына жақ бетінде көпқабатты үйлер қаз-қатар тізіліп тұр. Жағаның күн сайын опырылуы осы маңдағы тұрғындарды біршама алаңдатып отыр.

Елена Ляшкова бұл жермен күнде серуендейді. Айтуынша, жағалаудың жайы кете бастағанын былтырдан бері байқапты. Енді жағдай ушықпай тұрғанда, қам жасау керек дейді.

Елена Ляшкова, қала тұрғыны:

– Былтыр осы жермен серуендеп жүргенде опырыла бастағанын көріп едім. Биыл тіпті бері қарай жылжып кетіпті. Қаншама халық тұрады маңайда. Сол себепті тездетіп бір амал жасау керек деп ойлаймын.

Әкімдік өкілдері қажетті шара қабылдадық дейді. Қазір төтенше жағдайлар департаменті, Ертіс бассейн инспекциясы, табиғи ресурстар басқармасы мен коммуналдық сала өкілдерінен құрылған комиссия жағдайды зерттеуге кірісті. Гидрологтар қайықпен барлау жасап жүр.

Ернар Мәдиев, «Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Ертіс бассейн инспекциясы» РММ басшысының орынбасары:

– Иә, міне, мына жерде де бетон астын бақылау бүгін жүргізілді. Тағы да жобалық мекемемен су астын шолып бақылау жүргізіледі, соның нәтижесінде ғана қандай жұмыс атқарылатындығы белгілі болады.

Эколог Виталий Чернецкидің айтуынша, өзен арнасының бағыты да, ағысы да бұрынғыдан өзгерген. Секундына 40 текше метр су жағалауға соғып тұрғандықтан, оған шыдас беру қиын. «Сондықтан жағаны бекітуден бөлек, өзендерді толыққанды зерттеу дұрыс қадам», – дейді сарапшы.

Виталий Чернецский, эколог:

– Бұл жерде біршама жайды байқауға болады. Негізгі ағын аралға барып соғылып, ағыс бойымен төмен қарай ылдилап солға бұрылады. Содан кейін міне дәл осы тұста жағаны кеміріп жатыр. Бұл эрозиялық процесс жалғаса береді. Көктемгі тасқында жағдай күрделенбес үшін алдын-алу қажет.

Өзенге сүңгірлер де түсіріледі. Әкімдік өкілдерінің айтуынша, келесі апта соңында техникалық тексеріс нәтижесі шығуы тиіс. Сол тұжырымға сай нақты қандай жұмыстар жүргізілетіні анықталады.

Авторлары: Эльмира АхметОва, Дмитрий Пыхтин

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz