Елде жыл сайын сәбилердің 5 пайызы мерзімінен бұрын дүниеге келеді. Олардың өмірін сақтап қалу – медицина мамандарының басты міндеті, деп хабарлайды 24KZ.
Бүгін Дүниежүзілік шала туған балалар күніне орай Алматыдағы Ана мен бала перинатология орталығында мерекелік кездесу өтті. Шараға орталықта өмірге келген балалар мен олардың ата-аналары қатысып, өмір жолымен бөлісті.
Арайлым Сматованың қызы 2020 жылы небәрі 28 апталығында, 900 грамм салмақпен дүниеге келген. Бір жарым ай бойы дәрігерлердің бақылауында болған кішкентай Асылым қазір алты жаста. Анасы сол бір қиын күндерде ақ халаттылардың үлкен демеу болғанын айтады.
Арайлым Сматова, Алматы қаласының тұрғыны:
– Сол кездегі қараған дәрігерлерге мен рақметімді айтамын. Олар бір жарым ай бойы баламның қасынан кетпей, күні-түні күш-жігерлерін жұмсап, балаға жақсы көмектесті. Мені де қолдай білді.
Әлемде жыл сайын 15 миллионға жуық нәресте мерзімінен бұрын дүниеге келеді. Қазақстанда бұл көрсеткіш 22 мыңға жетті. Мұндай сәбилердің әр грамы, әр тынысы үшін күрес оңай емес. Дәрігерлердің айтуынша, өмірге асыққан сәбилерді аман алып қалуда заманауи технология мен кәсіби тәжірибенің маңызы зор.
Ардақ Аязбеков, Акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығының басқарма төрағасы:
– Ол шала нәрестелердің проблемасы жетілген, мерзіміне жетіп туылған, 9 ай 9 күн құрсақта өткізген нәрестелерге қарағанда ерекше. Оладың сұранысы, емдеу тактикасы басқа. Оларды қатарға қосу, емдеу шаралары ерекшеліктенеді. Нәрестенің салмағы төмен болған сайын оған қажет технологиялар күрделене береді.
Бұл орталықта небәрі 520 грамм салмақпен туған сәбидің де өмірі сақталған. Неонатолог дәрігер Тоғжан Майтпасованың айтуынша, емделген балалардың жетістігін көру – дәрігер үшін үлкен қуаныш.
Тоғжан Майтпасова Акушерлік, Гинекология және перинатология ғылыми орталығының дәрігері:
– Біздің орталықтағы ең кішкентай нәрестеміз 520 грамм болып туған. Былтыр 2025-ші жылы жазда туған. Орталықта 3 ай көлемінде жатып, 2 кг 200 грамм салмақпен шығарылған. Бүгінгі мереке осының дәлелі деп ойлаймын. Біздің орталықта шала туылған нәрестелер саны өкінішке орай аз емес, бізбен кері байланыста болады. Олардың бірінші қадамдары, күлгені, мектепке барғандары, оқу бітіргендері туралы бізбен бөлісіп, суреттерін жіберіп тұрады. Ақпарат алмасып тұрамыз.
Айта кетейік, биыл неонатологиялық көмекті ұйымдастырудың бейінді стандарты бекітілді. Соңғы 10 жылда Қазақстанда нәресте өлімі 30%-ға, ал неонаталдық өлім-жітім 41%-ға төмендеді. Бұл – Орталық Азия елдері арасындағы ең төменгі көрсеткіш.
Тегтер #24KZ #Алматы #нәресте #сәби #ана мен бала #мерекелік шара #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz