RU
Толық нұсқаға өту

Көкшетауда ескі үйлер жаңғыртылып жатыр

18.11.2026, 08:20 28

Көкшетауда 300-ден астам көпқабатты үй ескірген. Бұл үйлер біртіндеп жаңартылып жатыр. Мәселен, биыл біреуі жаңғыртылса, келесі жылы бес үй жөнделеді. Жоба «Тұрғын үйлерді жаңарту» бағдарламасы арқылы іске асады.

Қазір қала сәулетінің сәнін кетіріп тұрған осындай ескі үй көп. Біразы өткен ғасырдың 50-60 жылдары салынған. Мәселен, Әуелбеков көшесінің бойындағы мына үй тұрғындарының көктем мен күзде берекесі  қашады. Өйткені баспананың төбесінен су сорғалап, қабырғалары көгеріп кетеді. Жылу, кәріз, электр желілері де тозған. Ал бұл баспананы толығымен жаңартуға шамамен 150 млн теңгеден астам қаржы керек.

Ирина Захарова, Көкшетау қаласының тұрғыны:

- Мұндай қомақты қаржыны біз жинай алмаймыз. Сондықтан да бірден осы бағдарламаны естігенде қуанып қалдық. Тұрғындар да белсенді атсалысып жатыр. Ең бірінші шатырымызды ауыстырып, жертөлені ретке келтіріп берсе екен дейміз.

Қазір бұл үйдің жобалық-сметалық құжаты әзіренді. Сараптамадан өтсе, келесі жылы құрылыс жұмыстары басталады. Осы уақытқа дейін жауаптылар қаладағы бір көпқабатты үйді қалыпқа келтірді.

Абзал Азаматұлы, тілші:

- Көкшетау қаласындағы 68 пәтерлі мына үй осыдан жарты ғасыр бұрын салынған. Содан бері бірде-бір рет жөндеу көрмеген. Салдарынан инженерлік желілері тозып, шатырынан су аға бастаған. Биыл «Тұрғын үйлерді жаңғырту» бағдарламасы аясында көпқабатты баспана толығымен жаңғыртылып, жаңа кейіпке енді. Тұрғын үйді жаңарту жұмыстарына 97 млн теңге жұмсалды.

Надежда Сысоева, Көкшетау қаласының тұрғыны:

- Бұрын бізде ескірген электр сымдары жиі тұйықталып, жанатын. Одан қалды бірінші қабаттағы пәтерлердің қабырлары көгеріп кететін. Өйткені үй өте суық болды. Қазір үйіміз адам танымастай өзгерді. Өте қуаныштымыз. Пәтер бағасы жөндеуге дейін 12 млн теңге тұрса, қазір 18 млн теңгеден асады.

Ерекшелігі сол жобаға тұрғындар өздері қатысады. Кейін үйді жаңартуға жұмсалған қаржыны 5 жыл мен 15 жыл арасында пайызсыз қайтара алады. Ай сайынғы төлем шамамен – 9 жарым мың теңге.

Жанна Әбдірахманова, жоба жетекшісі:

- Әр үйдің жобалауы, бағалауы әртүрлі. Өйткені үйдің көлемі, атқарылатын жұмыстары әртүрлі. Бұл бағдарламаның негізгі мақсаты – тұрғындар мердігер ұйымды тұрғындар таңдайды. Барлық жұмыстарды тұрғындар белгілейді. Қандай жұмыстар атқару керек. Қабылдау жұмыстарына да тұрғындар қатысатын болады.

Келесі жылы жауаптылар бес үй жөндеуді жоспарлап отыр. Қазір бұл баспаналардың тиісті құжаттары дайын. Тұрғындар тарапынан сұраныс болса, басқа үйлерді де осы бағдарлама арқылы жөндеу жоспары бар.

Авторлары: Абзал Азаматұлы, Евгений Шинкаренко

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz