RU
Толық нұсқаға өту

Астанада «дрондар шайқасы» өтті

18.11.2026, 08:40 6

Қазір әлем жерде емес, көкте соғысып жатыр. Мұндайда биікке ұшып, көзге көрінбейтін дрондар шешуші рөл атқарады. Қорғанысты біз де мықтауға тиіспіз. Ал сарбаздар дронды жылдам әрі дәлдікпен басқаруы қажет. Осыған байланысты Ақмола облысында күштік құрылымдар арасында Military Drone Challenge жарысы өтті. 

Мерей Қанапия, тілші:

- Көзсіз көріп, қанатсыз ұшатын, үнсіз бақылап, нысанға шабуылдайтын дрондар әскери салада үлкен маңызға ие екені белгілі. Қазір күштік құрылым өкілдері осы әуе құрылғыларын жетілдіріп, оның қолданыс аясын кеңейту үшін қиын да күрделі сынақтардан өтіп жатыр.

Әскери қызметшілер арасындағы жарысқа еліміздің күштік құрылымдарынан  15 команда қатысты. Олар «Шабуыл», «Барлау», «Ашық аспан», «Командалық эстафета» атты 4 кезеңнен тұратын сайыста бақ сынады. Мәселен, бірінші айналымда қатысушылар дронның көмегімен ғимаратқа басып кіріп, кепілге алынғандарды босату операциясын сәтті орындады.   

Азамат Хасенов, ҚР МКҚ бастығының орынбасары:

- Бұрын біздің сарбаздарға риск болатын өзі кіріп, қарап. Қарумен кіргенде қай жерде қарсылас бар білмейсің. Қазір ұшқышсыз ұшу аппаратын алдымен кіргізіп жібереміз. Разведка істейді. Оның артынан біздің жауынгерлер кіріп, шыға береді.    

Айлап айла іздеп, жылдап жаттыққан жауынгерлер келесі кезеңдерде де ұшқышсыз ұшу аппараттарын ұршықша иіріп әкетті. Дрондарды жоғары жылдамдықпен жерге жақын ұшырып, тар өткелдер мен кедергілер арасынан өткізді. Нәтижесінде мемлекеттік Күзет қызметінің жауынгерлері жалпы есепте топ жарса, Қорғаныс министрлігінің Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының командасы екінші орын алды. Үздік үштіктен Ұлттық Ұлан өкілдері көрінді.

Мерей Қанапия, тілші:

- Қымбатты көрермен, қазір біз отандық ұшқышсыз ұшу аппараттары қойылған арнайы көрмеге келдік. Мұнда әуеде және жерде қолданылатын дрондардың 50-60 түрі бар. Толығырақ Рауан мырза жауап беретін болады. Рауан мырза осылардың ішінде өзіңізге ұнайтын ерекше дронды атап өтсеңіз...

Рауан Демесінов, WSE ЖШС коммерциялық директоры:

- Бұл жерде мынау жақсы деп айта алмаймын. Мұнда әрқайсының өз мақсаты бар. Маған немесе сізге ұнайтын қандай дрон болса да осы жердегілердің 80-90 пайзы локалный өндіріс. Сол үшін 2 зауыт сатып алынды. Үшіншісі салынып жатыр.

- Осы дрондарға сырттан қызығушылық танытып отырғандар бар ма?

- Сыртта дрондар көп. Ең бастысы – біз тәуелсіз болуымыз керек. Мұнда дрон өндірісі дегенде мына корпус камера болсын ішіндегі платалармен ұшады. Бұлардың бәрін осында өндірмек ойымыз бар.     

Бүгінде дрон жай ғана ұшу құрылғысы емес, әскери әлеуетті арттыратын маңызды технологиялық құрал. Оны жетік меңгеру заман талабына айналғалы қай заман. Мұндай жарыстар сол талапқа сай келетін мамандар мен өнертапқыштарды даярлауға септігін тигізері сөзсіз.

Авторлары: Мерей Қанапия, Самат Қазанбаев

 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz