RU
Толық нұсқаға өту

Қарашығанақта 6 компрессор станциясы іске қосылды

18.11.2026, 13:50 41

Батыс Қазақстан облысындағы Қарашығанақ кен орнында газды кері айдауға арналған 6 компрессор іске қосылды. Құны 735 млн доллар тұратын станция жылына 4 млрд текше метр газ өткізуге қауқарлы. Жалпы соңғы 8 жылда инвесторлар аталған кенішке 4,4 млрд доллар инвестиция салған, деп хабарлайды 24KZ.

«Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг б.в.» компаниясы – кен орнын игеруші компаниялардың бірлескен кәсіпорны, мұнай-газ шикізатын өндіру бойынша барлық қажетті операцияны жүзеге асырушы мердігер. Соңғы 8 жылда КПО кенішке 4,4 млрд доллар инвестиция құйған. Қарашығанақты кеңейту жобасы аясында орнатылған 6 компрессорлық станция қауіпсіз жағдайда газды кері айдауға, осы арқылы өндіріс көлемін арттыруға мүмкіндік береді.

Марко Марсили, «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг б.в» компаниясының бас директоры:

– Бұл-  өте маңызды жоба. Өйткені газды өңдеу көлемі үштен бірге артады. Өндірістің сенімділігін арттырады. Орынбор газ өңдеу зауыты тарапынан, мысалы, шикі газды қабылдау түсіп кеткен жағдайда, өзіміздің қуатымызды пайдаланып, өндірісті және сұйық көмірсутектерді өндіру деңгейін сақтай аламыз.

Компрессорлық станцияның іске қосылуына арналған салтанатты шараға облыс әкімі Нариман Төреғалиев қатысты. Өңір басшысы жиылғандарды құттықтап, айтулы оқиғаның мемлекет пен инвесторлар арасындағы тиімді ынтымақтастықтың жарқын көрінісі екенін атап өтті.

Нариман Төреғалиев, облыс әкімі:

– Қарашығанақты кеңейту жобаларының кезең-кезеңімен іске асырылуы өңіріміздің жоғары инвестициялық әлеуетін айғақтап, отандық мұнай-газ өнеркәсібінің одан әрі өркендеуіне берік негіз қалайды. Жергілікті қамту үлесін арттыру, отандық кәсіпорындарды қолдау және халықты жұмыспен қамту екенін ерекше атап өткім келеді. Жаңа компрессордың құрылысына 2 мыңға жуық жергілікті тұрғын тартылды.

Облыс әкімі инвестициялық жобаны жүзеге асырған үлкен кәсіби ұжымға алғысын білдіріп, инженерлік-техникалық мамандарды марапаттады.

Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz