RU
Толық нұсқаға өту

Мемлекеттік мүлік туралы заң жобасы талқыланып жатыр

18.11.2026, 19:01 24

Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялар бюджеттің бүйірін толтыру орнына тесіп отыр. Енді міні, көп мекеменің міндеті де өзгеруі мүмкін. Өйткені мемлекеттік мүлік туралы заң жобасы қызу талқыланып жатыр. Құрылтай депутаттары мәселені ғылыми ортамен пысықтап өтті, , деп хабарлайды 24KZ.

Құжат мемлекеттік активтерді басқаруды қоса қамтиды. Ал осы бағытқа әлеуметтік кәсіпкерлік корпорацияларының тікелей қатысы бар. Мәселен, былтыр Жоғары аудиторлық палата соңғы 5 жылдағы тексерісті жариялаған. Бюджеттен 520 млрд-тан аса теңге бөлінген. Алайда инвестициялық жобаларды іске асыруы керек ұйым қаражатты банктегі депозиттерге орналастырады. Қысқасы, шығыны шаш етектен. Өткен жылы 7 есе өсіп, 210 млрд теңгеге жуықтаған.

Кендебай Адамбек, Құрылтай депутаты:

- Ең күрделі мәселе – ӘКК-ға қатысты. Бұл бойынша бірқатар сұрақтар бар. Депутаттар арасында да түрлі пікірлер айтылып жүр. Оны осы заңнан алып тастап, бөлек заң қабылдау туралы ұсыныстар бар. Менің ойымша, бұл мәселе осы заңның ішінде қалуы керек. Бірақ оны кеңейтіп, нақты жұмыс істейтіндей етіп жазу қажет. Қазіргі уақытта ӘКК-ның құқықтық негіздері толық айқындалмаған. Сондықтан бұл бағытта бірізділік жоқ.

Мемлекеттік мүлік тек мемлекеттік қызметкерлердің қолданысындағы дүние емес. Әлеуметтік нысандар, тіпті жылу мен электр желілері де сол тізбекте. Айтпақшы, жаңа заң жобасына сәйкес мемлекеттік мүліктердің тізімі қайта бекітіледі. Күтіп ұстайтын жауаптылар да анықталады. «Ондай олқылыққа екі күннің бірінде тап боламыз», – дейді депутаттар. Мәселен, құрылыс жүргізілгеннен кейін коммуналдық жүйелер жылдар бойы әкімдіктер меншігіне өтпей қалатын жайт аз емес. Иесіз инфрақұрылым тозады. Ортада тұрғындар зардап шегеді. Түйткіл жетеді. Түйінді тарқату үшін осындай талқы және таразы керек.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz