RU
Толық нұсқаға өту

Кәсіпкерлер жаңа салық кодексіне қатысты ұсыныстарын білдірді

18.11.2026, 19:02 37

Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында Үкіметке бизнес өкілдерінің пікіріне құлақ асып, салық саясатын жетілдіруді тапсырды. Кәсіпкерлерге салмақ түсіретін артық жүктемені азайтып, сыңаржақ тұстарын алып тастау қажеттігін айтты. Жаңа салық кодексінің енгізілуімен шағын және орта бизнес өкілдері қандай қиындықтарға тап болды? Олар қандай өзгерістер енгізуді сұрайды? Бұл туралы 24KZ хабарлайды.

Сарыкөл ауылында тұратын кәсіпкер Ольга Буряк он жылдан артық шұжық өндірісімен айналысады. Мемлекеттік бағдарлама арқасында биыл тұшпара сияқты жартылай дайын өнім шығаратын жаңа желіні іске қосқан. Алдағы уақытта тез әзірленетін сорпа өндірісін қолға алсақ деген жоспары бар. Осылайша, өндірісті әртараптандыру арқылы нарықтағы ауытқуларға қарсы тұрып бағуда. Алайда бәсекелестікке төтеп беру қиынға соғып тұр. «Оған біріншіден, логистиканың әлсіздігі себеп болса, екіншіден, жаңа салық кодексіндегі қосымша жүктемелер салмақ салып тұр», – дейді кәсіпкер.

Ольга Буряк, кәсіпкер:

– Біз сегіз ай жалпыға бірдей белгіленген салық режимімен жұмыс істедік. Алайда ол тиімсіз болды. Өнім құнына 20 пайыз үстеме ақы қосу, біз үшін көтере алмас ауыр жүк. Сондықтан оңайлатылған салық режиміне көштік. Оның да бір түйткілі бар. Біздің өнімді енді ірі сауда орындары алғысы келмейді. Олар 16 пайыз қосымша құн салығын төлеуден қашады.

Ольга Буряк Президенттің өз Жолдауында салық саясатын жетілдіріп, кәсіпкерлерге өнімдерін өткізуге жағдай жасау керек деген міндеттері көңілінен шыққанын айтады. Қазір бизнес қауымдастығы осы бағытта ұсыныс пікірлерін дайындап жатыр.

Наталья Лапшина, Кәсіпкерлер палатасының Салалық кеңесінің төрағасы:

– Бизнес алдындағы мәселелерді көтере отырып, салық заңдылығын өзгертуге қатысты бірнеше ұсыныс дайындадық. Қосарланған салық жүйесін, қосымша салық жүктемесін қайта қарауды ұсынып отырмыз. Сондай-ақ оңайлатылған режимде жұмыс істейтін кәсіпкерлердің шығын шегеріміне салынған тыйымды алып тастауды сұраймыз.

Президент атап өткендей, жаңа салық кодексі бүкіл жүйені кешенді түрде жаңғыртуға негіз қалады. Әрине, ауқымды реформа жолында түрлі мәселелер туындары хақ. Десе де қалай десек те, сала мамандарының айтуынша, жаңа кодекс салық жүйесін ашық етіп, бизнестің дамуына жол ашты. «Оған биылғы көрсеткіштер дәлел», – дейді.

Ділнәз Өмірбекова, Мемлекеттік кірістер департаментінің жетекші маманы:

– Қостанай облысында 87 мың 200 шағын және орта бизнес субъектілері бар. Былтырғы жылға қарағанда 16 мыңға көбейді. Жаңа салық кодексінің ерекшеліктерін айтып кететін болсам, бұрын 7 салық режимі қолданылған. Қазіргі таңда 3 салық режимге дейін қысқартылды. Сонымен қатар өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған азаматтар салық төлемейді.

Биылғы жылдың 9 айының қорытындысында Қостанай облысында бюджетке салық түсімі 47,4 млрд теңгеге өскен. Бұл өткен жылға қарағанда 15 пайызға көп.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz