Маңғыстау облысында егістік алқапқа алғаш рет күздік бидай егілді. Инвестициялық бастама өңірдің ауыл шаруашылығы әлеуетін дамытуға бағытталған. Жерді құнарландыру әрі тұқым себу жұмысымен танысқан аймақ әкімі Нұрдәулет Қилыбай кәсіпкерлік жобаның нәтижелі болуына қолдау болатынын айтты, деп хабарлайды 24KZ.
Өлке тарихында алғаш рет бидай дәні себілген агроаймақ Тасмұрын ауылына тиесілі. Шаруа қожалығы 2 мың гектар жерді құнарландырып, картоп пен бидай өсіруге мақсат қойған. Бүгін егіске дайын 300 гектар аумаққа тұқым себілді. Келешек жоба аясында жоңышқа, мақсарыны терең өңдеп, өсімдік майын, ұн, жарма және мал азығы өндірілмек.
Құралай Сәкенқызы, шаруа қожалығының өкілі:
– Егілген бидайымыз қыс бойы қар мен жаңбырдың ылғалымен өседі. Келер жылдың сәуір-мамыр айларында оруды бастаймыз. Көктемде қалған 1700 гектар жерге толықтай егін егуді жоспарлап отырмыз. Топырақ пен судан сынамалар алынып, институттарға жіберілді. Барлық қажетті параметрлер бойынша талдау нәтижелері дайын.
Климаты құрғақ Маңғыстауға астық өзге өңірлерден тасымалданады. Жергілікті комбинатта ұн және мал жемі дайындалып, нарыққа шығарылып келеді. Мәселені шешуге бағытталған инвестициялық жобаға Тасмұрын алқабының таңдалуы бекер емес. Ауыл ақсақалдарының айтуынша, бұл аумақта жерасты тұщы су көзі мол.
Алмажай Жарылғасұлы, Шайыр ауылының тұрғыны:
– Тасмұрында бірнеше скважина бар. Олардың барлығында да әуелден су көздері болған. Дұрыс суарылатын болса, бұл жерден мол өнім алуға болады. Жері құнарлы, сондықтан оған үлкен сеніммен қарауға болады. Ел-халық та осыған қуанып отыр.
Қазір шаруашылық басында 15 адам жұмыс істейді. Ұжымға тәжірибелі агроном шақыртумен келген. Фермерлер келер жылы егістіктің әр гектарынан 15-20 центнер өнім жинап, 600 тоннаға дейін бидай оруды жоспарлап отыр.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев
Тегтер #Маңғыстау облысы #бидай #егістікPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz