RU
Толық нұсқаға өту

Түркістан облысында екі ірі агроөнеркәсіптік кешен ашылды

18.11.2026, 23:12 16

Түркістан облысында екі ірі агроөнеркәсіптік кешен ашылды. Шардара ауданында жүгеріні терең өңдейтін зауыт іске қосылды. Ол 26 түрлі өнім түрін шығарады. Ал Арыс қаласында 50 мың басқа арналған мал бордақылау алаңы жұмысын бастады. Мемлекет басшысы өз Жолдауында Үкіметке ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді дамытуды тапсырған болатын. Бүгін Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин аймаққа жұмыс сапарымен барып, жаңа кәсіпорындардың салтанатты ашылу рәсіміне қатысты, деп хабарлайды 24KZ.


Жандос Жұмабек, тілші:

– 35 гектар аумақта орналасқан зауытта крахмал сірнесі өндіріледі. Мамандардың айтуынша, жүгері құрамындағы қант мөлшері 75 пайызға дейін жетеді. Сондықтан бұл өнімді өндірістік мақсатта, яғни табиғи қантты алмастырғыш ретінде пайдалануға болады. Осылайша, крахмал-сірне зауыты еліміздегі ірі кондитерлік фабрикалар мен сусын өндіретін кәсіпорындарды қажетті өніммен қамтамасыз етеді.

Яғни кәсіпорында крахмал, сірне, тағамдық глюкоза, мальтоза сиропы, жүгері майы, глютен, кебек және түйіршіктелген құрамажемді қоса алғанда 20-дан астам өнім түрі шығарылады. Зауыттың өнімдері ішкі нарықтан бөлек, Азия мен Еуропа елдерінде де сұранысқа ие. Кәсіпорынның өндірістік қуаттылығы болашақта 300 мың тоннаға дейін жетіп, әлемнің 100-ден астам елімен жұмыс істеу жоспарлануда.

Ал Арыс қаласында Үкімет басшысының орынбасары Серік Жұманғариннің қатысуымен 50 мың басқа арналған ірі мал бордақылау кешені іске қосылды. Орта Азиядағы ірі агроөнеркәсіптік жобаның инвестициялық құны 7,6 млрд теңге. Кешен австралиялық технология негізінде салынған. Жобаның алғашқы кезеңінде 15 мың басқа арналған бордақылау алаңы іске қосылса, екінші кезеңде тағы 35 мың басқа арналған өндірістік қуаттылық құрылды. Осылайша, кешеннің жалпы сыйымдылығы 50 мың басқа жетті. Кешен жылына 12 500 тонна ет өндіреді.

Серік Жұманғарин Қр Премьер-министрінің орынбасары, ұлттық экономика:

– Қазақстан қазіргі уақытта ет саласында айтсақ, былтыр 1 млн 200 мың тонна ет шығарды. Толығымен біз өзімізді етпен қамтамасыз етеміз. Мал шаруашылықты дамыту, терең өңдеуді дамыту – бұл деген экспортқа шығаратын заттардың біріншіден сапасын көтереді. Екіншіден бағасын көтереді. Соның арқасында шаруалардың табысы өседі. Табысы өссе жұмысшылардың айлығы өседі.

Жоба аясында 60 тұрақты жұмыс орны ашылады. Мамандар «өндірістің басты ерекшелігі – заманауи технология мен толыққанды инфрақұрылымның бір алаңда шоғырлануы», – дейді. Кешендегі австралиялық жабдықтармен қамтылған ветеринариялық бөлім тәулігіне 800–1000 басқа дейін емдеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар карантиндік аймақтар, автоматтандырылған су жүйелері қарастырылған. Бұл жобалар Түркістан облысының инвестициялық тартымдылығын арттырып қана қоймай, өңірдің экономикалық дамуына да елеулі үлес қоспақ.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz