RU
Толық нұсқаға өту

Жаңа Азаматтық кодекс: қарапайым азаматтың құқығы корпорация мүддесінен жоғары тұруы керек

19.11.2026, 09:36 32

Қазақстанда жаңа Азаматтық кодекс жобасын талқылау басталды. Құжаттың басты мақсаты – азаматтық-құқықтық қатынастарды заман талабына сай реттеп, қарапайым азаматтардың құқығын қорғау тетіктерін күшейту. Құрылтай депутаты, заңгер Марат Башимовтың пікірінше, жаңа кодекс ең алдымен азамат пен ірі корпорациялар арасындағы құқықтық теңсіздікті жоюға бағытталуы тиіс. Ол бұл туралы «24KZ» арнасына берген сұқбатында айтты.

Депутаттың айтуынша, қолданыстағы Азаматтық кодекс 1994 жылы қабылданған. Содан бері қоғам түбегейлі өзгеріп, цифрлық технологиялар, электронды сауда және жасанды интеллект күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналды. Сондықтан азаматтық-құқықтық қатынастарды реттейтін заңнаманы жаңарту – уақыт талабы.

Жаңа кодекс конституциялық реформаның заңды жалғасы болуы керек. Әсіресе адам құқықтары, бостандық, теңдік және адалдық қағидаттары азаматтық қатынастардың негізіне айналуы қажет, – деді Марат Башимов.

Басты назарда – қарапайым азаматтың құқығы

Марат Башимов жаңа Азаматтық кодекстің негізгі міндеттерінің бірі азамат пен ірі компаниялар арасындағы құқықтық теңгерімді қамтамасыз ету екенін атап өтті. Өйткені іс жүзінде қарапайым тұтынушы банкпен, құрылыс компаниясымен немесе басқа да ірі ұйымдармен келісімшарт жасағанда, оның талаптарын өзгерту мүмкіндігіне ие бола бермейді.

Көп жағдайда азаматтар заңгерлер әзірлеген күрделі келісімшарттарға мән бермей, құжаттың мазмұнын толық түсінбестен қол қояды. Ал даулы жағдай туындағанда, өз құқықтарын қорғау қиынға соғады.

Бізде қарапайым азаматтар өз құқықтарын біле бермейді. Мысалы, банкпен арадағы келісімшартқа оның мазмұнын толық түсінбей қол қояды. Оның бәрі дұрыс емес, – деді депутат.

Оның пікірінше, жаңа кодекс келісімшарттардың мазмұнын қарапайым әрі түсінікті тілде жазуды талап етуі керек. Құжаттағы әрбір талап екі тарапқа да түсінікті болып, азаматтың мүддесіне нұқсан келтірмеуі тиіс.

Екі сөз жазылса да, мағынасы түсінікті болу керек. Екі жаққа да тең болу керек. Қарапайым тілде жасалсын, түсінікті болсын деген принцип қойылып отыр», – деп атап өтті Марат Башимов.

Электронды саудада тұтынушының жауапкершілігі мен құқығы қалай қорғалады?

Сұхбат барысында электронды сауда мәселесі де қозғалды. Қазір бір батырманы басу арқылы тауар сатып алуға, қызметке тапсырыс беруге болады. Алайда интернет арқылы жасалған мәмілелерде тұтынушылардың алдануы, сапасыз тауар алуы немесе сатушымен арадағы даулар аз емес.

Депутаттың пікірінше, жаңа Азаматтық кодекс цифрлық ортадағы қарым-қатынастарды да нақты реттеуі қажет. Бұл ретте тұтынушының құқығы мен кәсіпкердің мүддесі арасындағы тепе-теңдік сақталуы маңызды.

Тұтынушылардың құқықтарын Азаматтық кодекс көтереді. Кәсіпкер ақша табуы керек, бірақ оның құқығы басқа адамның құқығы басталған жерде шектеледі. Сенің құқықтарың басқа кісінің құқықтары басталған жерде аяқталады, – деді ол.

Башимовтың пайымдауынша, электронды саудадағы келісімшарттар да азаматқа түсінікті болуы керек. Тауарды сатып алу кезінде тұтынушы қандай талаптарға келісіп отырғанын анық білуі тиіс.
Монополистердің мүддесі азамат құқығынан жоғары болмауы керек

Сұхбатта ірі корпорациялар мен монополистердің ықпалына қатысты мәселе де көтерілді. Себебі келісімшарт талаптарын көбіне қызмет көрсетуші компанияның өзі белгілейді. Ал тұтынушыға ұсынылған шартты қабылдаудан басқа таңдау қалмайтын жағдайлар кездеседі.

Марат Башимов мұндай тәжірибе өзгеруі керек деп есептейді. Оның айтуынша, келісімшарт еркіндігі дегеніміз – бір тараптың екінші тарапқа өз талаптарын күштеп таңуы емес. Бұл қағидат екі жақтың да мүддесін ескеруге негізделуі тиіс.

Президент айтып отыр ғой: теңдік, адалдық деген, әділеттік деген принцип. Азаматтық кодекске осы қағидаттарды енгізуді қоғам да қолдап отыр, – деді депутат.

Ол сот жүйесі де азаматтық дауларды қарау кезінде осы принциптерді басшылыққа алуы қажет екенін атап өтті. Әсіресе азамат пен ірі ұйым арасындағы дауларда келісімшарттың формалды түрде жасалғанына ғана емес, оның мазмұны мен екі тарапқа қаншалықты әділ болғанына назар аударылуы керек.

Халықаралық тәжірибе ескеріледі

Жаңа кодексті әзірлеу кезінде халықаралық тәжірибе де назарға алынбақ. Депутаттың айтуынша, Қазақстан құқықтық модель тұрғысынан Германияның тәжірибесіне сүйеніп келеді. Сонымен қатар Қытайдың 2020 жылы қабылданған Азаматтық кодексіндегі цифрлық қатынастарды реттеу тетіктері де зерттеліп жатыр.

Біз Германияның тәжірибесін алғанбыз. Өйткені біздің құқықтық модель солардікі. Қазір Қытайға да қарап отырмыз. Олар Азаматтық кодекс қабылдап, цифрлық және электронды қатынастарға қатысты принциптерді енгізді. Халықаралық тәжірибені ескерсек, біз де ұтамыз, – дейді Марат Башимов.

Депутат жаңа кодексті әзірлеу жұмысы әлі жалғасып жатқанын, құжат алдымен арнайы комиссияда талқыланып, оған сарапшылар, ғалымдар мен қоғам өкілдері қатысатынын жеткізді. Одан кейін жоба Құрылтайдың қарауына ұсынылмақ.

Оның айтуынша, Азаматтық кодексті жаңарту – құқықтық жүйені кешенді реформалаудың алғашқы кезеңдерінің бірі. Алдағы уақытта Қылмыстық және Әкімшілік құқық салаларындағы заңнамаларға да өзгерістер енгізу қажеттігі туындауы мүмкін.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz