RU
Толық нұсқаға өту

Тәуелсіздікке 35 жыл: отандық медицинада жетістік көп

19.11.2026, 14:10 17

Тәуелсіздік алғалы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы қарыштады. Әсіресе денсаулық сақтау саласының көші ілгерлей түсті. Миға пышақсыз операция жасалып, қатерлі дертті протондық терапиямен емдеуге мүмкіндік туды, деп хабарлайды 24KZ.

Бұрын шетелде ғана жасалатын емдеу әдістерін қазір отандық дәрігерлердің өздері жасайды.

Айнұр Қуатқызы, тілші:

- Бұл құрылғының атауы – гамма-пышақ болғанымен оның жүзі жоқ. Мидағы ісікке теріні кеспей, бас сүйекті ашпай операция жасайды. Әртүрлі бағыттан түскен гамма-сәулелер – емделетін ошаққа тоғысады. Осылайша сәуле дәл қажетті жерге бағытталып, айналасындағы сау тіндерді зақымдамай ісікті сылып тастайды.

Осылайша, соңғы 5 жылда Ұлттық нейрохирургия орталығында миға пышақсыз операциялар жасалады. Ондағы гамма-пышақ құрылғысымен осыған дейін 2700-дей адам ем алып, дертінен құлан-таза айыққан. Бұл құрылғы Орталық Азия елдерінде тек Қазақстанда ғана бар. Отандық медицинадағы озық аппараттың игілігін ел азаматтары тегін көреді. Ал медициналық туризммен келген шетелдіктер ақы төлеп емделеді.

Нұрзат Сығай, Ұлттық нейрохирургия орталығының нейрохирург дәрігері:

- Гамма-пышақ нейрохирургиядағы редиохирургиялық бөлігінің алтын стандарты деп айтса болады. Егер біз ісіктерді алатын болсақ, бірінші кезекте қашықтағы сәулелер көмегімен бас миында орналасқан потологиялық жасушаларды жоюға мүмкіндік береді. Ал егер қан тамыр ауруларын алатын болсақ, демек ол сол қан тамырларының ішіндегі қабынулар үрдісін көбейтіп, уақытысынан ертерек жабылуына себепкер болады.

Бұл жолы Қазақстанға ем іздеп келгендердің бірі – қырғызстандық Жарқын Әріпқұлова. Жанын жегідей жеген дерттен айығу үшін бармаған жері жоқ. Қазақстанда миға тіліксіз операция жасайтын құрылғы барын естіген бетте Астананы бетке алыпты.

Жарқын Әріпқұлова, қырғызстандық емделуші:

- Басым айналған соң, ауруханаға жаттым, басымды МРТ-ға түсірді. «Нейрохирургияға барасың», - деді. Біз жақта басты кеседі екен. Балаларым қоймай, Астанаға жіберді. Мұнда сәулемен емдейді екен.

Сондай-ақ елімізде қатерлі дерттен айықтыратын протондық терапия да қолжетімді. Бұл – жаман ауруды сәулемен емдеу әдісі. Жаңа технология былтыр Ұлттық ғылыми онкологиялық орталық базасында іске қосылды. Мұндай инновация әлемнің 25 елінде ғана қолданылады. Орталық Азия бойынша әзірге тек Қазақстанда бар.

Әділбек Мұқажанов, Ұлттық ғылыми онкология орталығы басқарма басшысының орынбасары:

- Онымен қазір біз мыңнан аса адамды емдеп шығардық, сегіз айдың ішінде. Ол протондық терапия балаларға тиімді болып отыр. Сосын біз сәулелік терапияны балаларды емдеп бастадық. Мұндай орталықтар дүние жүзінде, ТМД елдерінде жоқ деуге болады. Себебі біздің орталықта емнің түрі бір ғимаратта тоғырланып жасалған. Шетелде бар. Мысалы, терапиясы бір жерде, терапиясы бір жерде орналасқан.

Бұдан бөлек, елімізде ағза трансплантациясы дара дамыды. Отандық ақ халаттылар жүрек, бауыр, өкпе, сүйек кемігін алмастыратын дәрежеге жетті. 2012 жылы Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығының мамандары елімізде алғаш рет донорлық жүректі ауыстырып салды. Ал былтыр осы орталықта Қазақстанда тұңғыш рет балаға жүрек трансплантациясы жасалды.

Жәнібек Оспанов, «Өмір тынысы» трансплантацияланған науқастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы:

- Жүректі алмастыру операциясын жасау деген бұл теңдессіз жетістік деп ойлаймын. Бұрын әлемнің бірнеше елінде жасайды дегенді еститінбіз. Қазір Қазақстан медицинасы өте керемет жетістіктерге қол жеткізіп отыр. Менің же жүрегімді алмастырғанына 15 жылға жуықтады. Содан бері дәрігерлерге деген алғысым шексіз.

Ал 2012 жылдан ана мен бала орталығы балаларға бүйрек алмастыру операциясын жасай бастады. Содан бері бұл орталықта ғана емес, еліміздің бірқатар өңірінде трансплантация жасалады.

Назгүл Жылгелдина, ҚР ДСМ Транспланттау және жоғары технологиялық медициналық қызметтерді үйлестіру орталығы директорының орынбасары:

- Қазақстанда 7 трансплантация орталығында бүйрек трансплантациясы өткізіледі. Операциялар Алматы қаласындағы Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығында, Астанадағы UMC және Онкологиялық орталықтарда, сондай-ақ Шымкенттегі №1 қалалық ауруханада, Қызылордадағы көпбейінді облыстық ауруханада, Ақтөбедегі орталықта және Түркістан қаласында жүргізіледі.

Сондай-ақ елде аурудың алғашқы белгілері байқалмай тұрып-ақ анықтауға мүмкіндік бар. Бүгінде скрининг арқылы жүрек-қан тамырлары аурулары, қант диабеті, глаукома, сондай-ақ сүт безі, жатыр мойны және тоқ ішек обыры ерте кезеңде белгілі болады. Мәселен, маммография сүт безі обырын бастапқы сатысында табуға көмектеседі.

Авторлары: Айнұр Қуатқызы, Досбол Байділдин

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz