RU
Толық нұсқаға өту

Оралда жүзім көшеттері тегін таратылды

19.11.2026, 14:40 45

Оралдық белгілі бағбан Қайрат Кәрімов өз коллекциясындағы жүзім көшеттерін тегін таратып жатыр. Бағбанның Сергей Исаев атындағы халықаралық экспериментальды бағында жүзімнің 200-дей сорты сынақтан өткен еді. Соның елуі енді тұрғындардың жеке ауласына қоныс аудармақ. Экологиялық акция «Таза Қазақстан» республикалық бастамасы аясында өтті, деп хабарлайды 24KZ.

Сергей Исаев атындағы тәлімбақта бүгін кісі қарасы қалың. Жүзім ағашына қызыққан тұрғындар қажетті құрал-саймандарын қамдап келген. Олардың арасында жеміс ағашымен енді айналысып жүргендер де, кәдімгі бағбандар да бар. Мәселен, Виталий Мазуренконың ауласында бұрын жүзімнің тоғыз түрі болса, енді оныншысына орын сайлапты.

Виталий Мазуренко, Орал қаласының тұрғыны:

- Жүзімге арнап қазылған екі ор бар. Соған бөліп, отырғызамын. Екі жыл Астанада жұмыс істедім. Саяжайға аздап қарай алмай қалдым. Бірақ күзден бері Оралдамын, енді бәрі жақсы болады. Келесі жылы өнім қуантады деп үміттенемін. Мынау – «Байқоңыр» жүзімі. Өте жақсы сорт, жемісі ірі.

Орал қаласында жүзім көшеттерін сататындар аз емес. Бірақ «тоғыз ұлым бір төбе, ер Төстігім бір төбе дегендей», белгілі бағбан Қайрат Кәрімовтың орны бөлек. Оның халықаралық эксперименталды бағында алманың 180 сорты, жүзімнің 215-тей түрі шоғырланған. Және ол ағаштар кездейсоқ таңдалмаған. Ақжайықтың аптап ыстығы мен сақылдаған сары аязында сыналған, мол жеміс беретін сұрыптар іріктелген. Соңғы уақытта ботаникалық бақ салынуына әрі өзге де ғылыми жобаларға байланысты бағбан өз коллекциясының бір бөлігін жерлестеріне сыйлауды ұйғарыпты.

Қайрат Кәрімов, бағбан:

- Жүзім көшеттерін алатындарды әбден тексеріп алдық. Олардың бау-бақша өсіруге бейімдігін, қызығушылығын ескердік. Ертеңгі күні сол көшеттердің тұқымын көбейтетін бағбандарды таңдадық. Батыстың ауа райына бейімделген, тексерілген жүзім сорттары жерлестерімізге тамаша тарту деп ойлаймын. Бұл шараны біз «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында өткіздік.

Жүзімнің бірнеше түрі енді экологиялық-биологиялық орталықта өсірілмек. Жас экологтар үшін мұндай кездесулер – тәжірибе алмасудың таптырмас мүмкіндігі.

Фиягүл Қауымбаева, облыстық Экологиялық-биологиялық орталықтың бөлім басшысы:

– Бізге ұнаған шарты жүзімді алып, баптап өсіру керек. Өсіргеннен кейін қайтадан сол жүзімнің қалдемшелерін қайтадан осы кісіге ұсынамыз. Енді осы кісіге сыйлауымыз керек, яғни көбейтуіміз керек. Қайрат Кәрімов өзінің тәжірибесімен бөлісіп, барлық жүзімді қалай өсіру, баптау керек, алдымен адамдарға түсіндіріп берді. Біз оқушылармен, студенттермен келеміз. Осы жерде тәжірибеден өтеміз.

Бағбан Қайрат Кәрімовтың тегін көшет таратуы бірінші рет емес. Былтыр ол тұрғындарға мың жарым алма ағашын сыйлаған еді. Енді келер жылы жүзім коллекциясы жеке аулаларда жайқалмақ. Өңірді көгалдандыру жұмыстары өзге бағыттарда да жалғасуда. Жыл басынан бері облыста 6 миллионнан астам ағаш егіліпті.

Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Болат Жарылғасов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz