RU
Толық нұсқаға өту
Фото: бейнежазбадан алынған скриншот

Ақшаңызды қайтаруға болады: Интернет-алаяқтарға алданғанда не істеу керек?

19.11.2026, 17:29 3

Интернет-алаяқтарына алданып қалмау үшін нені ескеру керек? Заңгер Самал Тоқышева «24KZ» телеарнасына берген сұхбатында алаяқтардың жиі қолданатын тәсілдерін атап, азаматтарға сақтық шараларын түсіндірді.

Заңгердің сөзінше, алаяқтыққа тап болған азамат оқиға туралы полицияға, соның ішінде киберполицияға хабарласып, банкке ресми өтініш қалдыруы қажет. Сонымен қатар ақша аударымының түбіртегін, алаяқпен жазысқан хаттарды, жалған хабарландыру мен телефон нөмірлерінің скриншоттарын сақтап қойған жөн. Бұл материалдар кейін сотта дәлел ретінде пайдаланылуы мүмкін.

Аударған адамға арыз тастауға болады. Полиция арқылы, қазір бізде киберполиция жұмыс істейді. Екіншіден, банкке хабарласу міндетті. Барлық түбіртекті, телефон нөмірін, жарнаманың скриншотын дәлел ретінде келтіріп, сот арқылы да ақшаны өндіріп алу мүмкіндігі бар, – дейді Самал Тоқышева.

Маманның айтуынша, сот шешімі шыққаннан кейін атқарушылық құжат сот орындаушысына жолданады. Ол заң аясында қаражатты өндіріп алу шараларын жүргізеді.

Заңгер пәтерді жалға алу кезінде де сақ болуға шақырады. Әсіресе «ақшаны қазір аудармасаңыз, пәтерді басқа адамға береміз» деген асықтыруға негізделген ұсыныстарға сенбеу керек. Жалдаушы пәтер иесінің кім екенін алдын ала тексеріп, жеке куәлігін және жылжымайтын мүлікке қатысты кадастрлық анықтаманы талап еткені жөн.

Міндетті түрде WhatsApp арқылы адамнан жеке куәлігін талап етіңіздер. Сондай-ақ кадастрлық анықтаманы сұрату керек. Онда пәтер иесінің аты-жөні, ЖСН-і және жылжымайтын мүліктің орналасқан жері көрсетіледі, – дейді заңгер.

Самал Тоқшева алаяқтардың жиі қолданатын тәсілдерінің бірі – адамға ойлануға мүмкіндік бермей, асықтыру екенін атап өтті. Мұндай жағдайда күмәнді ұсынысты мұқият тексермей, ақша аударуға болмайды.

Сонымен қатар алаяқтар тек пәтер іздегендерді емес, баспанасын жалға берушілерді де алдайды. Мәселен, жалға алушы ретінде хабарласқан адам жалған сілтеме жіберіп, төлем жасау үшін банк шотын немесе SMS арқылы келген кодты сұрауы мүмкін.

Ешқашан өздеріңіздің жеке деректеріңізді – аты-жөніңізді, ЖСН-іңізді мүлдем ешкімге беруге болмайды. SMS арқылы келген кодты да бөгде адамға айтпаңыздар. Алдын ала үрей тудыру, тездету, ойлануға мүмкіндік бермеу – алаяқтардың әрекеті деп тану керек, – деп ескертті заңгер.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz