RU
Толық нұсқаға өту

Жамбыл облысының 90% жоғары жылдамдықты интернетпен қамтылған

19.11.2026, 21:20 20

Жамбыл облысы тұрғындарының 90 пайызы жоғары жылдамдықты интернетпен қамтылған. Келер жылдың соңына дейін аймақтағы барлық ауыл жоғары жылдамдықты ғаламторға қосылады, деп хабарлайды 24KZ.

Қазір аймақта шалғай елді мекендерді интернетке қосу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Бұл жұмыстар «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында қолға алынған.

Бұрын Байзақ ауданына қарасты Төрткүл ауылының тұрғындары интернет сапасына жиі шағымданатын. Желі баяу болғандықтан, ақпарат іздеу де, онлайн сабаққа қатысу да қиын еді. Бұл әсіресе медицина қызметкерлерінің жұмысына кедергі келтірген. Медициналық бағдарламалар мен қосымшалар дұрыс істемей, уақыт жоғалтатын. Ал биыл ауылға интернет желісі кіріп, байланыс сапасы жақсарды.

Гүлшахар Кенбаева, медициналық пунктің медбикесі:

– Қазір осы интернет кіргелі бізге өте тиімді болды. Уақытылы келген ауруларды қабылдаймыз. Жолдамаларды саламыз. Анализдерге жолдаймыз. Қазір бәрі уақытылы, жылдам интернет кіргелі өте жақсы болды.

Интернетке қосылғандар қатарында Аққия ауылының тұрғындары да бар. Қазір мұндағы тұрғындар мен ұстаздар ғаламтор игілігін көріп отыр.

Самат Аманбаев, Аққия орта мектебінің мұғалімі:

– Қазіргі таңда, 21-ғасырда интернетсіз жұмыс істеу мүмкін емес. Біз енді осы Цифрлық Қазақстанға жаңадан көшкен кезде, әрине, интернет байланысы төмендеу болған. Ал қазір ондай емес. Қай байланысты алып қарасақ та, интернет сапасы өте жоғары.

Қазір өңірдегі 357 ауылдың 189-ына талшықты-оптикалық желі тартылған. Қалған елді мекендерді де интернетпен қамту жұмыстары жалғасып жатыр. Алайда 36 ауылдағы 7 жарым мыңнан аса тұрғын әлі күнге дейін 2G байланысын пайдалануда. «Алдағы уақытта бұл мәселе де шешіледі», – дейді басқарма басшысы.

Шалқар Амантұров, облыстық Цифрландыру және архивтер басқармасының басшысы:

– Бізде шалғай орналасқан 36 елді мекен бар. Сол жерде мобильді интернет сапасы 2G болып тұр бүгінгі күнде. Соны жақсарту мақсатында және сол жерде орналасқан мемлекеттік мекемелер, мектептер, соларға жоғары жылдамдықты интернетті жеткізу жоспарланып отыр. 2027 жылдың соңына дейін облысымыздағы барлық 357 елді мекенінде талшықты-оптикалық желісін толықтай қамтамасыз етілетін болады.

Ауылдарға жоғары жылдамдықтағы интернетті жеткізу жұмыстары «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында жүзеге асуда. Жалпы республика бойынша 3 мыңнан астам елді мекенге талшықты-оптикалық желі тарту көзделген.

Авторлары: Мерей Бает, Тимур Сейілхан

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz