Павлодар қаласында «Еңбек адамы – ел бірлігінің тірегі» атты республикалық кәсіподақтар форумы өтті. Жиынға Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері, кәсіподақ ұйымдары мен еңбек ұжымдарының өкілдері қатысты, деп хабарлайды 24KZ.
Айта кетейік, Қазақстан Кәсіподақтар федерациясының құрамында 24 салалық кәсіподақ пен 17 мыңға жуық бастауыш кәсіподақ ұйымы бар. Олар 2 млн-ға жуық еңбек адамының мүддесін қорғайды. Форумда еңбек құқықтарын қорғау, әлеуметтік қолдау көрсету, жастарды жұмыспен қамту және жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру мәселелері талқыланды. Осы бағыттар бойынша кәсіподақтар Қазақстан Халық Кеңесіне 25 ұсыныс жолдады. Кеңес төрағасы Ерлан Қошанов адал еңбекті лайықты бағалау және жұмысшылардың пікірін ескеру маңызды екенін атап өтті. Сондай-ақ цифрлық платформалар арқылы еңбек ететін азаматтардың құқықтарын қорғау мәселесіне де ерекше назар аударылды. Бүгінде елімізде 35 интернет-платформа жұмыс істейді. Олар арқылы шамамен 1 млн адам қызмет көрсетеді. Форум барысында еңбек ұжымдарының өзекті мәселелерін талқылап, ұсыныстарын жеткізуге мүмкіндік беретін «Еңбек дауысы» атты жұмыс тобын құру ұсынылды.
Ерлан Қошанов, Қазақстан Халық Кеңесінің төрағасы:
– Әр адамның адал еңбек етіп лайықты өмір сүруі үшін мемлекет тарапынан барлық жағдайлар бүгінде жасалуда. Бұл – Президентіміздің басты ұстанымы, қуатты өңір ол қуатты әрі тұрақты прогрессивті мемлекеттік берік негізі. Осы орайда Халық кеңесі кәсіподақтармен тығыз байланыста жұмыс істей береді. Енді бүкіл еңбек адамдарының үні жалпыұлттық деңгейде естіліп, нақты шешімдерге ұласады деп ойлаймын. Қасым-Жомарт Кемелұлы алдымызға осындай міндет қойып отыр, осы жолда бізде аянбай еңбек ете берейік.
Тегтер #24KZ #Кәсіподақтар федерациясы #форум #Павлодар #ҚХК #Ерлан ҚошановPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz