Биыл Алматы декларациясының қабылданғанына – 35 жыл. Айтулы оқиғаға орай бүгін халықаралық конференция өтті, деп хабарлайды 24KZ.
Декларация Қазақстан Егемендігінің халықаралық деңгейде мойындалуына және бұрынғы КСРО елдерінің дербес мемлекет ретінде жаңа қарым-қатынас орнатуына жол ашты. Елдің сыртқы саяси және халықаралық-құқықтық ортадағы орнын бекітуге ықпал етті. Мемлекеттік Егемендікті, аумақтық тұтастықты және шекаралардың мызғымастығын құрметтеу, ішкі істерге араласпау және дауларды бейбіт жолмен реттеу қағидаттары бекітілді. ТМД-ға мүше елдер бұдан былай да экономикалық байланысты нығайтуға мүдделі. Көлік-логистика және инвестициялық ынтымақтастыққа, энергетика мен цифрландыруға ерекше назар аударады.
Игорь Петришенко, ТМД бас хатшысының бірінші орынбасары:
– Соңғы бес жылда өзара тауар айналымы 18 пайызға өсті. Бұл – өте жақсы көрсеткіш. Экономикалық ынтымақтастықтың іргетасын одан әрі нығайту үшін болашаққа көз жүгіртіп, ұзақ мерзімді міндеттерді айқындау қажет. Біз Достастық өзінің тарихи миссиясын сақтап, болашақта ортақ жетістікті қалыптастыруда маңызды рөл атқарады деп үміттенеміз.
Жандос Шаймарданов, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ директоры:
– Осыдан тура 35 жыл бұрын дәл осы Достық үйінде 11 мемлекеттің басшысы декларацияға қол қойды. Бүгін өткен кезеңдегі нәтижелерін саралап қана қоймай, оның алдағы даму бағыттарын айқындау үшін осында жиналдық. Әрбір мемлекет өз саясатын дербес айқындап, қалыптастыру құқығына ие. Дегенмен біз алдағы жоспарларымызды сәйкестендіріп, даму бағытын өзара үйлестіруіміз қажет.
Тегтер #24KZ #Таңдаулы #Алматы #декларация #конференцияPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz