RU
Толық нұсқаға өту

Көлікке қыста қандай шина қажет?

20.11.2026, 07:20 26

Қыс келді. Алғашқы қар да түсті. Кешке қара жер таңертең көктайғаққа айналып жатыр. Ал сіздің көлігіңіз қысқа қаншалықты дайын?

Бір тәуірі, қазір автомобиль шиналарын өзіміз жасаймыз. Биыл сегіз айда Саран қаласындағы зауыт автокөліктерге арналған 440 мыңға жуық шина шығарды. Бұл былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 16,5 пайызға көп. Ал импорт көлемі шамамен 15 пайызға қысқарған. Сонымен отандық шина қалай жасалады? Қысқы дөңгелек таңдағанда жүргізушілер нені ескеруі керек? 

Көлік дөңгелегін иесі өзі дұрыс таңдай білуі керек. Бұл біз емес, зауыт технологтарының айтуы. Мәселен, шина сатып алғанда өлке климатын және жол жағдайын ескерген жөн. Тікенекті шиналар мұзда таймайды. Ал тікенексіз, яғни фрикциялық шиналар қысы жұмсақ өңірлерге арналған. Әсіресе еліміздің оңтүстік аймақтарына қолайлы. Сонымен қатар резинаның құрамына, протектор суретіне және шинаның өлшеміне назар аудару қажет. Бұл ретте дөңгелектің бүйіріндегі арнайы таңбалар оның негізгі сипаттамаларын анықтауға көмектеседі.

Саян Қуанышбеков, учаске бастығы:

-  Ең маңыздысы M+S деген маркировка. Бұл батпақты және қарлы жолда жүре алады деген мағына білдіреді. Және де осындай сурет болады, үш үлкен тау, қардың суретімен. Бұл сурет дөңгелек өзінің сертификатын алып, қысқы сынақтан өтті деген мағына білдіреді.

Қысқы шиналар арнайы резеңке қоспасының арқасында аязда да иілгіштігін жоғалтпайды. «Сондықтан шегелері түсіп қалады деп, қар түскенше жазғы дөңгелекпен жүру дұрыс емес», - дейді мамандар.

Саян Қуанышбеков, учаске бастығы:

- Жазғы дөңгелектер далада жүрген кезде төменгі температура кезінде қатайып қалады. Қатты ағаш болып, қатайып қалады да және мұз, қардың үстінде тайғанап немесе жарылып кетуі де мүмкін. +7 градусқа дейін төмендеген кезде ауа райы сол кезде қысқы дөңгелекке ауысу керек. Негізінде қысқы дөңгелек таңдағанда протектордың тереңдігі, қалыңдығы 8-10 мм болуы керек.

Саран қаласындағы бұл – зауыт еліміз бойынша толық өндірістік циклде шина шығаратын жалғыз кәсіпорын. Мұнда жеңіл және жүк көліктеріне арналған қысқы және жазғы шиналар шығарылады. Зауыттың жобалық қуаты жылына жеңіл автокөліктерге арналған 3 миллионға дейін және жүк көліктеріне арналған 500 мың дөңгелек жасауға мүмкіндік береді.

Александр Уставщиков, Tengri Tyres ЖШС директоры:

- Біз өндіріске пайдаланатын шикізат сапасына баса мән береміз. Табиғи каучукты Малайзия, Вьетнам және Индонезиядан, ал синтетикалық каучукты басқа жеткізушілерден аламыз. Химиялық компоненттерді Еуропа елдері мен Қытайдан жеткіземіз. Біз үшін сапа – ең бастысы. Өндіріс көлемін қысқа мерзімде жедел арттыруды, жылдам пайда табуды мақсат етіп отырған жоқпыз.

Мамандардың айтуынша, шинаның құрылымын қалыптастыру кезінде металл және резеңке текстиль дәл орналастырылып, протектор мен өзге де қабаттары сапалы байланысуы тиіс. Ал вулканизация кезінде температура, қысым және уақыт режимдері нақты сақталып, заманауи гидравликалық нығыздау қондырғысы пайдаланылады.

Саян Қуанышбеков, учаске бастығы:

- Бізде бес пост бар. Бес постта сыртқы ақауларға тексеріледі. Соның ішінде дайын, жақсы  өнім сапасы дәлелдегеннен кейін олар келесі этапқа өтеді. Келесі этап бізде балансировочный машиналар дейді. Бұл машиналарда бүкіл геометриясын тексереді.

Өндіріс процесіне роботтандырылған жабдықтар мен автоматтандырылған басқару жүйелері қолданылады. Соның арқасында қателікке жол берілмейді. Дегенмен мұндағы мамандар әр шинаны жекелей өздері де жіті тексеріп шығады.

Данил Аниськов, оператор:

- Мәселен, мына қондырғыда шинаға шегелер орнатылғаннан кейін өзімізде тексеріп шығамыз. Әрбір шегенің дұрыс орналасуын және белгіленген рұқсат етілген нормаларға сәйкестігіне көз жеткіземіз. Егер барлық талаптар орындалса, бақылау мөрін басамыз.

Зауыт қазір 5 мыңға дейін шина шығарады. Өнім ішкі нарыққа ғана емес, әлемнің 16 еліне экспортталады. Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша биылғы жылдың сегіз айында отандық өнім үлесі артуына байланысты елімізге 3 млн 890 мың импорттық шина жеткізілген. Бұл былтырғы сәйкес кезеңімен салыстырғанда 15 пайызға аз.

Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz