Кейінгі 7 жылда бір ғана Түркістан облысында ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 2 есе артты. Түскен табыс 1,2 трлн теңгеге жетті. Бұл көрсеткіш 2019 жылы 629 млрд теңге болған. Осының нәтижесінде ауыл шаруашылығы – өңір экономикасының негізгі тірегіне айналды. Жалпы өндірілген өнім көлемі бойынша Түркістан облысы республикада көш бастап келеді. Бұған өңір шаруалары егістікті әртараптандыру мен жаппай су үнемдеу технологияларына көшудің нәтижесінде қол жеткізді.
Шардаралық фермер Серік Аумеков 10 жылдан бері мақта, жүгері егумен айналысады. Бұрын ескі техникамен көп жерді игеру мүмкін болмағанын айтады.
«Соңғы 5 жылдан бері мемлекет шаруаларға 5% 7 жылға техника бере бастады. Соның нәтижесінде техникамыз 99% жаңарды», - дейді шаруа. Бұрын ескі техникамен бар болғаны мың гектар жерді ғана игерсе, қазір егіс алқабының көлемін 2-3 есеге дейін ұлғайтқан.
Серік Аумеков, «Әлинұр» шаруа қожалығының төрағасы:
- Қазір техника жаңарғаннан кейін бір ауылдың өзі 2-3 мың гектарға дейін жерлер игеріліп жатыр. Мемлекет тарапынан көптеген жеңілдіктер беріліп жатыр. Жерді тыңайтқыштар бойынша алдын ешкім қолданбайтын еді бұны. Бұрын жерлер қисық еді, соңғы технологиямен жобалаушылар әкеліп, жерлер тегістелді. Бұл суды 60-70 пайыз үнемдеуге көмектеседі. 70 пайыз өнім алатын жерден жүз пайыз өнім алып жатырмыз. Тамшылатып суару қолға алынып, біз өнімді де көбейтеміз. 10 тонна алатын жерден 20 тоннаға дейін жеткіземіз деген жоспарымыз бар.
Биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемі 7 жыл бұрынғымен салыстырғанда 90 мың гектарға ұлғайтылып, 920 мың гектарға жетті. Ал 2019 жылы егіс көлемі 829 мың гектар болған. Бақша дақылдары осы аралықта 1 млн 375 мың тоннадан 1,7 млн тоннаға дейін өсті. Содан бері агроөнеркәсіп кешеніне 1 трлн теңгеге жуық инвестиция тартылды. Егістікті әртарапатандыру мен су үнемдеу технологияларына басымдық берілді. Мәселен, 2020 жылы өңірде 24 мың гектарға су үнемдеу технологиясы енгізілсе, биыл бұл көрсеткіш 164 мың гектарға жетті. 6 жылда жеті есеге ұлғайып, қазір өңірдегі барлық суармалы жердің 30% қамтып отыр. Нәтижесінде бұрынғымен салыстырғанда өнімділік екі есеге артты.
Бекзат Шортыш, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы:
- Бүгінде өнім көлеміне тоқталатын болсақ, 534 мың тонна дәнді дақыл, 92 мың тонна майлы дақыл, 1,5 млн тонна көкөніс пен 1,7 млн тонна бақша дақылдары жиналды. Сонымен қатар Түркістан облысы республикадағы маусымаралық жылыжай кезеңдерінде көкөністің 63% қамтамасыз ететінін ескерсек, биыл жылыжайлдарда 150 мың тонна көкөніс дақылдары жиналды.
2019 жылы өңірде 110 мың гектарға шитті мақта егіліп, 70 мың тонна мақта талшығы көрші елдерге экспортқа шығарылды. Соңғы 2 жылда өнімді тек шикізат ретінде экспорттамай, дайын өнім өндіруге арналған толық циклді мақта-тоқыма кластерін құрылды. Жоба құны – 146 млрд теңге. Биыл Түркістан облысының шаруалары 173 мың гектарға мақта егіп, оның 91 мың гектарына су үнемдеу технологиясын енгізді. Нәтижесінде 556 мың тоннаға жуық өнім жиналды.
Әлібек Плалов, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:
- Қазіргі таңда осы кластердің аясында 7 зауыт ашылды. Оның 4-еуі мақта өңдеу зауыты, су үнемдеу құбырын шығаратын кәсіпорын, жіп иіру және тоқыма фабрикасы. Біз ары қарай дайын өнімдерді жіп күйінде, мата, дайын киім күйінде экспортталатын болады. 2030 жылға дейін 5 мақта кластерін құру көзделген. Ол Сауран, Жетісай, Мақтааарал аудандарында ашылады. Нәтижесінде 7 мың жаңа жұмыс орны ашылатын болады.
Осы жоба толық жүзеге асқанда тағы 6 зауыт ашылып, жылына 230 мың тонна дайын өнім өндіріледі деп күтіліп отыр. Бұдан бөлек, су арналарын жаңартуға да басымдық берілді. Тек өткен жылдың өзінде өңірде 71 канал мен 29 су қоймасы күрделі жөндеуден өтті. 750 шақырымнан астам канал тазартылды. Бұл егіс алқаптарына су жеткізуді жақсартты.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш
Тегтер #7 жыл #ауыл шаруашылығы #табыс #егістік #Түркістан облысы
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz