RU
Толық нұсқаға өту

Қостанай облысында жастар «Дипломмен ауылға» оралды

20.11.2026, 08:30 35

Қостанай облысында 422 маман «Дипломмен ауылға» барды. Бұл – былтырғы көрсеткіш. Олардың көтермеақы төлеміне бюджеттен 166 миллион теңге бөлінді. Баспанамен де көмектесіп жатыр. Алайда өңірде медицина, білім беру, ауыл шаруашылығы мамандарының тапшылығы әлі де өзекті.

Алена Блинова қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Сарыкөл ауданының Барвинов ауылындағы мектепте сабақ береді. Одан қалды кешқұрым ересектерге мемлекеттік тілді үйретеді. Өз мүмкіндігін саралай келе, жас маман қалада қалмай, ауылда жұмыс істегенім тиімді деп шешіпті.

Алена Блинова, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі:

- Ауылда сағат көбірек қалаға қарағанда. Көптеген бағдарламалар бар арнайы жастарға арналған. «Дипломмен ауылға» деген сияқты. Барвиновка ауылында осы екінші жыл болды жұмыс істегеніме. Бұл жерде өзімнің категориямды көтеріп әрі қарай әлі жұмыс жасаймын деп ойлаймын.

Дәрігер анестезиолог-реаниматолог Нұрбол Ержігіт Сарыкөлге «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен үш жыл бұрын келген. Жұбайы – психиатр. Ол да аудандық ауруханада жұмыс істейді. «Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау жас мамандарға үлкен демеу», - дейді ауылдық дәрігер.

Нұрбол Ержігіт, дәрігер, анестезиолог-реаниматолог

- Қазір көтермеақы мөлшері – 7 миллион теңге, ал аса қажетті мамандарға 8 миллион теңгеге дейін беріледі. Сонымен қатар баспана алу үшін 10 миллион теңгеден асатын сомада пайызсыз несие қарастырылған. Меніңше, қазіргі таңда бұл қолдау жеткілікті. Ауылда кәсіби тұрғыда өсу қалаға қарағанда біршама қиындау. Дегенмен мұнда да дамуға, тәжірибе жинақтауға мүмкіндік бар. Ең бастысы – адамның өз қалауы мен талпынысына байланысты.

Қостанай жоғары медициналық колледжін биыл 457 түлек тәмамдағалы отыр. Сауалнама қорытындысына сүйенсек, соның жартысына жуығы еңбек жолын ауылда бастауға қарсы емес. Солардың бірі – болашақ мейіргер Мариям Шопанова.

Мариям Шопанова, Қостанай жоғары медициналық колледжінің студенті:

- Жас мамандарға арналған «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында өзімінің туған өлкем Әуликөл ауданына барғым келеді. Және де осы колледж қабырғасында алған теориялық және практикалық білімімді ұштастырып әрі қарай дамытып, білікті маман атанғым келеді.

Қазіргі кезде облыс бойынша 271 медицина қызметкері жетіспейді. Ажыратып айтсақ, 107 дәрігер, 164 орта буын маман қажет. Осы олқылықтың орынын толтыру үшін жергілікті билік қосымша ынталандыру көздерін қарастырып жатыр.

Алмас Әбілғазин, Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары м.а.:

- Биылғы жылы әлеуметтік қолдау едәуір күшейтілді. Қостанай, Лисаков, Рудный қаларына барған мамандар үшін 5 миллион теңгеден, аудандарға 7 миллион теңге, Аманкелді, Жанкелдин аудандарына 8,5 миллион теңге, Арқалық қаласына 7 миллион теңге беріледі. Сонымен қатар орта медициналық қызметкерлер ауылға барғанда 1 миллион теңге қарастырылған.

«Дипломмен ауылға» бағдарламасы басталғаннан бергі 17 жылдың ішінде өңірдегі ауылдық елді мекендерге 8 мыңнан астам маман келді. Олардың басым бөлігі – дәрігер, педагог және ауыл шаруашылығы саласының мамандары.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz