RU
Толық нұсқаға өту
Фото: бейнежазбадан алынған скриншот

Қазақстандағы киік саны 4,7 миллионға жетті: ең көп популяция Орал өңірінде

20.11.2026, 10:23 13

Қазақстандағы киік саны 4,7 миллион басқа жетті. Оның 2,7 миллионы Орал популяциясына тиесілі. Ал Бетпақдалада 1,8 миллионға жуық, Үстіртте 119 мыңға жуық киік мекендейді. Бұл туралы  «Охотзоопром» ӨБ» РМК орталық өңірлік филиалының басшысы Алмас Алпамышов «24KZ» телеарнасына берген сұхбатында айтты.

Маманның айтуынша, киік санының көбеюіне ең алдымен жануарларды қорғау жұмыстарының күшеюі әсер еткен. Мәселен, Үстірт популяциясындағы киік саны 2021 жылы 21 мыңға жуық болса, қазір 119 мыңға жеткен.

«Бүкіл елдің қызығушылығы – біз оны қалай осындай санға жеткіздік? Ол бір ғана нәрсе, ол – жақсы қорғау. Оған Үкімет тарапынан, басшылар тарапынан өте қатты көңіл бөлінеді. Сол себептен саны көбейіп отыр», – деді Алмас Алпамышов.

Сондай-ақ маман Қазақстандағы киіктердің бір бөлігін көршілес Өзбекстан аумағына қоныстандыру мәселесіне тоқталды. Оның сөзінше, бұл бастама бірнеше жылдан бері талқыланып келеді. Өзбекстандық табиғат қорғау ұйымдарының өкілдері Қазақстанға келіп, питомниктердің жұмысымен танысқан. Қазір екі ел арасында зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

«Киікті бір жерден екінші жерге айдап апару мүмкін емес. Ол – еркін жүретін жануар. Қай бағытқа қоныс аударатыны ауа райына, жайылымдағы қорекке, қардың қалыңдығына және желдің бағытына байланысты», – деді филиал басшысы.

Оның айтуынша, жоспар бойынша Өзбекстанға ересек киіктерді емес, жаңадан туған төлдерді беру көзделіп отыр. Көрші елде оларды өсіруге арналған арнайы питомник құру жоспарланған. Ал жануарлардың жаңа аумаққа бейімделуі үшін су көздері мен жайылым жағдайы алдын ала зерттеледі.

Алмас Алпамышов киіктердің көші-қоны нақты бір мерзіммен шектелмейтінін атап өтті. Өйткені жануарлардың қозғалысы табиғи жағдайларға тікелей байланысты.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz