Қазақстандық шаруалар цифрлық технологияларды егін шаруашылығында ғана емес, мал азығын дайындау барысында да қолдана бастады. Нәтижесінде құрғақшылыққа қарамастан мол өнім алуға мүмкіндік пайда болды. Мәселен, биыл елде 43 млн тоннадан астам жем-шөп жиналған. Бұл қажеттіліктен шамамен 5 процентке көп, деп хабарлайды 24KZ.
Дамир Берікұлы, тілші:
– Шаруалар қазір осындай мол өнім алу үшін тың технологиялар мен цифрландырудың көмегіне жүгінетін болған. Себебі жылдан жылға топырақтың құнары кетіп, құрғақшылық дендеп барады. «Ал жасанды интеллект осындай келеңсіздіктердің бәрін айналып өтуге мүмкіндік береді», – дейді мамандар.
Ақмола облысының Бұланды ауданындағы бұл серіктестік жыл сайын 3 мың гектар алқапқа мал азығын егеді. Себебі ірі қара бордақылаумен айналысады. Мал басы 1 мыңнан асады. Сондықтан олар үшін жем-шөптің құнарлы әрі мол болуы өте маңызды.
Сергей Мишин, серіктестік агрономы:
– Жасанды интеллект бізге шөпті қай уақытта жинау керектігін өзі айтады. Уақытылы жиналған соң мал азығының сапасы да жоғары болары сөзсіз. Тіпті шөп оруға қанша уақыт кететініне дейін есептеп береді. Мәселен, сапаны мынадан-ақ көруге болады. Міне, қараңыз, бүктесек сынбайды. Керісінше, өз қалпына қайта келеді. Әрі жап-жасыл. Бұл ақуызға толы еркекшөп деген шөп тұқымы.
Ал мыңдаған гектар алқаптың бәрі мұндағы агрономдардың әрқайсысының жұмыс компьютерінде тұр. Жасанды интеллектімен жабдықталған швейцариялық бағдарлама қазір оларға таптырмас көмекші болып отыр. Шөпті себуден бастап оны орып алғанға дейін егіске тікелей қатысты ауа райы болжамын, қажетті тыңайтқыш мөлшерін, тіпті күзде қанша өнім алатынына дейін саралай алады.
Сергей Мишин, серіктестік агрономы:
– Мәселен, бес жыл бұрын егін өнімділігі бойынша рекордымыз гектарына небәрі 18 центнер болатын. Ал жасанды интеллектіні қолдана бастағалы бері гектарына 30 центнер өнім алу біз үшін енді жоғары көрсеткіш болып саналмайды. Осындай көмекшіміз барда, алдағы уақытта мал азығын өндіру көлемін арттыруды жоспарлап отырмыз. Яғни малды тек қыс мезгілінде ғана емес, жазда да қорада байлаулы ұстаған жағдайда жем-шөппен қамтамасыз етуді көздеп отырмыз.
Осылайша, аталған шаруашылық жасанды интеллектінің көмегімен мал азығының сапасын 30 пайызға дейін арттыруға, ал орақ науқаны кезінде болатын ысырапты 20 пайызға дейін азайтуға мүмкіндік алған. Жауапты министрлік өкілдерінің сөзінше, қазір елдегі шаруашылықтар цифрлық технологияларға біртіндеп көшіп жатыр.
Айдос Жақыпов, ҚР АШМ департаментінің басқарма басшысы:
– Жалпы биыл мал азығын ең көп жинаған өңірлер — Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Ақтөбе облыстары. Бұл облыстарда заманауи технологияларды тиімді пайдалану нәтижесінде осындай жоғары көрсеткіштерге қол жеткізілді деп айтуға болады. Сонымен қатар қазіргі ауыл шаруашылығында GPS навигаторлары сияқты заманауи технологиялар кеңінен қолданыла бастады. Мұның барлығы егіс жұмыстарын тиімді жүргізуге және өнім көлемін арттыруға үлкен септігін тигізеді.
Министрліктің дерегінше, қазір елдегі 300-ден астам шаруашылық цифрлық технологияларды белсенді түрде қолданады. Олар GPS-мониторинг, нақты егіншілік және ақылды суару жүйесі секілді тың тәсілдерді пайдалану арқылы мол өнімге қол жеткізіп отыр.
Авторлары: Дамир Берікұлы, Санжар Біргебаев
Тегтер #жем шөп #мал азығы #ауылшаруашылығы #ЖИPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz