Еліміздегі 4 млн-нанастам жылқының тек 1 пайызы ғана асыл тұқымды. Бұл – 40 мыңнан сәл асатын мал басы. Бұл бағытта еліміздегі санаулы жылқы зауыттарының бірі Қарағанды облысында жұмыс істеп тұр. Атакәсіпті ғылыммен ұштастырып, жабы тұқымын мыңғырта өрбіткен Мұрат Қожамбердиннің шаруашылығы көпке үлгі. Ол бұл салаға 40 жылын арнаған, деп хабарлайды 24KZ.
Мұрат Қожамбердин – жылқы шаруашылығын ғылыми негізде дамытып жүрген танымал селекционер. Оның шаруашылығы жабы тұқымын өсірумен айналысады. Бүгінде 4 мыңнан астам жылқысы бар. Алайда фермер Қамбар ата түлігінің қазаққа тән осы тұқымының саны емес, сапасына, тегін сақтауға баса көңіл бөледі.
Мұрат Қожамбердин, «Шолақ еспе» жылқы зауытының басшысы:
– Әр жылқының ата-тегін, шыққан тегін және ұрпағын жеке-жеке тіркеп отырдық. Соның негізінде қай биені қай айғырға қосу керектігін де анықтадық. Осылайша, жылқы тұқымын асылдандыру жұмыстарын жүйелі түрде жүргіздік. 1991 жылы «Сарыарқа» типін апробациядан өткіздік. Одан кейін Қожаберді типін шығардық. Міне, қазір осы жылқы тұқымымен айналысып келеміз.
Мұндағы жылқының басты ерекшелігі – қазақ даласын ертеден мекен еткен жабы тұқымының қаны сақтаулы. Қысы-жазы өрісте. Суыққа шыдамды. Үйірімен жайылып, тебіндеп жемін табуға бейім. Тұрқы аса биік болмағанымен, семіргендегі салмағы кейде жарты тоннадан асып кетеді.
Мұрат Қожамбердин, «Шолақ еспе» жылқы зауытының басшысы:
– Алғашқы жұмысты бастаған кезде аналық жылқылардың салмағы 330 келі шамасында, ал айғырларымыздың салмағы 400–420 келі болатын. Қазіргі таңда жүргізілген селекциялық жұмыстардың нәтижесінде жылқылардың салмағын 540–560 келіге дейін жеткізіп отырмыз.
Мамандардың айтуынша, елімізде жылқының 14 түрі өсіріледі. Оның бесеуі қазақы жылқы тұқымы. Соның бірі – жабыны шаруашылық ұзақ жылдар таза сақтап, қазақтың дербес жылқысы ретінде қайта жаңғыртқан.
Әлібек Базарғалиев, Қазақ жылқы шаруашылығы және жемшөп өндіру ғылыми-зерттеу институты басшысының м.а:
- Қазақтың байырғы жабы жылқысының негізгі түп-тамыры осы жерде сақталған. Себебі қазір еліміздің әр өңірінде жылқы өсіріліп, шетелден де, соның ішінде Ресейден де түрлі жылқы тұқымдары әкелініп жатыр. Соның салдарынан жылқы тұқымдары араласып, біртіндеп дүбараланып барады. Ал бұл жерде қазақтың байырғы жылқысының асыл қасиеттері мен тұқымдық ерекшеліктері сол қалпында сақталып қалған.
Еліміздегі 4 млн астам жылқының тек 1 пайызы ғана асыл тұқымды. Яғни тегі сақталған сәйгүліктердің саны 40 мың ғана. Сондықтан асылдандыру жұмысына баса мән беру қажеттігін осыдан екі жыл бұрын ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің форумында Мемлекет басшысы да атап өткен болатын.
Дәурен Сыдықов, Ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты:
– Біздің екінші мақсатымыз — жылқылардың генетикасынан жабайы жылқыға тән генетикалық фрагменттерді анықтау. Яғни ДНҚ құрамында осындай фрагменттері бар жылқыларды іріктеп, олардан жеке референттік табын қалыптастыру. Осы арқылы қазақтың байырғы жылқысының генетикалық ерекшеліктерін сақтап қалуды көздеп отырмыз.
БҰҰ-на қарасты Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының мәліметінше, әлемде 57 миллионнан астам жылқы бар. Жылқы өсіруден алдыңғы қатарда АҚШ, Қытай мен Моңғолия тұр. Кейінгі жылдары еліміз бұл бағытта ілгерілеп, алғашқы ондыққа енді.
Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Аман Хамит
Тегтер #Мұрат Қожамбердин #жылқы #шаруашылық #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz