RU
Толық нұсқаға өту

Тауман Амандосов атындағы сыйлық табысталды

20.11.2026, 17:08 34

Атырауда Тауман Амандосов атындағы журналистер байқауының жеңімпаздары марапатталды. Биыл додаға 40-тан астам өтінім түскен. Қазылар алқасы үш аталым бойынша үздіктерді анықтады, деп хабарлайды 24KZ.


Биылғы байқау қазақ журналистикасының негізін қалаған қарымды қаламгер, ғалым Тауман Амандосовтың туғанына 105 жыл толуына орай ұйымдастырылды. Іс-шара өңірдегі журналистердің жұмысын бағалап, шығармашылығын қолдауға бағытталған.

Гүлнұр Сүйеуова, облыстық Ішкі саясат басқармасының басшысы:

– Бұл байқау кәсіби журналистердің шеберлігін шыңдап, өз қабілеттерін көрсетуіне және тәжірибесін дәріптеуге бағытталған. Байқауға 40-тан астам өтінім түсті.

Қазылар алқасы әр материалдың мазмұнына, автордың тақырыпты зерделеп, оны жеткізу шеберлігіне мән берген.

Мәншүк Мұқашева, филология ғылымдарының кандидаты:

– Конкурсанттар ұсынған материалдардың тақырыптық ауқымы өте кең. Олар қоғамдағы түрлі мәселелерді қамтуға тырысқан. Жұмыстардың басым бөлігі өзекті, өткір әрі дер кезінде көтерілген мәселелерге арналған.

Облыстық «Атырау» газеті «Үздік БАҚ» атанды. «Ақпарат айнасы» номинациясында «Дендер» аудандық газетінің тілшісі Саламат Базарбаев жеңіске жетті. «Үздік жас журналист» сыйлығы «24KZ» телеарнасының өңірдегі меншікті тілшісі Асланбек Шығырға бұйырды.

Асланбек Шығыр, «24KZ» телеарнасының меншікті тілшісі:

– Журналистика саласына келгеннен кейін Тауман Амандосов атындағы сыйлықты иелену мен үшін үлкен мәртебе. 24KZ телеарнасында алты жылдан бері еңбек етіп келемін. Бұл – менің ғана емес, барша әріптестерімнің ортақ еңбегінің жемісі.

Байқауда топ жарған үздіктерге ақшалай сыйлық табысталды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, қатысушылар қатары жыл сайын көбейіп келеді.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Амантай Матенов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz