Тәуелсіз Қазақстанның 35 жылда қолға алған маңызды экологиялық жобаларының бірі – Солтүстік Аралды сақтау. Кезінде жағалауы шегініп, тіршілігі тұралай бастаған теңіз суы қайта толып келеді. Көкарал бөгетінің салынуы айдынды сақтап, өңірдегі балық шаруашылығын жандандыруға мүмкіндік берді. Ендігі міндет – теңіз аумағын кеңейту. Дүниежүзілік банкпен бірлескен жобада Солтүстік Аралдың ауданын шамамен 4 мың шаршы шақырымға, су көлемін 34 млрд текше метрге дейін жеткізу көзделген, деп хабарлайды 24KZ.
Бір кездері Арал әлемдегі ең ірі төрт теңіздің қатарында болды. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары ауданы 70 мың шаршы шақырымға жеткен. Алайда су ресурстарын тиімсіз пайдалану салдарынан теңіз тартылып, айдынының төрттен үш бөлігі шөлге айналды. 2005 жылы салынған Көкарал бөгеті Солтүстік Аралды сақтап қалуға мүмкіндік берді. Ұзындығы 13 шақырымдық құрылыс Сырдариядан келген суды теңіздің солтүстік бөлігінде ұстап қалды. Енді Көкарал бөгетін жаңғырту жобасының екінші кезеңіне дайындық басталды. Қазір жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Жұмыстарды келер жылы бастап, 2030 жылға қарай аяқтау жоспарланған.
Теңізді қалпына келтіру жұмыстары жалғаса бермек. Айталық, бүкіләлемдік қаржы ұйымының қолдауымен жаңа жоба жасақталды.
Бақыт Жаханов, облыс әкімінің орынбасары:
– Бұл жоба Арал теңізінің аумағын тағы 3,9 шаршы шақырымға дейін ұлғайтуды көздейді. Соның арқасында айдынға құятын су мөлшерін 34 мың текше метр, яғни 7 млрд-қа дейін көбейтуді жоспарлаймыз. Осылайша, жыл сайынғы балық аулау көлемін 15-16 мың тоннаға жеткізу күн тәртібінде тұр.
Қазір Аралда балықтың 22 түрі мекендейді. Су деңгейінің көтерілуімен жергілікті жұрттың ата кәсібі қайта жанданып, балық өңдеу зауыттары ашылды. Сол себепті теңізді сақтау экологиямен қатар халықтың табысы мен тұрмысына тікелей қатысты мәселе.
Лиза Кайстнер, Халықаралық қаржы корпорациясының түркия, Қазақстан және Өзбекстан бойынша директоры:
– Бүгін теңізге судың қайта оралғанын, балықтың көбейіп, адамдардың қайтадан балық аулап жүргенін көру – үлкен үміт сыйлайды. Бұл дұрыс басшылық пен жүйелі жұмыстың арқасында экологиялық апаттың зардаптарын азайтуға болатынын көрсетеді. Дүниежүзілік банк тобы үшін де жергілікті халықты жұмыспен қамту және олардың тұрмысын жақсартуға қолдау көрсету маңызды.
Теңізге жететін суды көбейту үшін суару жүйелеріндегі ысырапты азайту қажет. Осы мақсатта Қызылорда және Түркістан облыстарында каналдар мен ирригациялық желілер жаңғыртылады. Бірінші кезеңге ұсынылған 133 жоба аясында 1,4 мың шақырымнан астам желіні жаңарту, су қоймаларын күрделі жөндеу және тіршілік нәрін есепке алу жүйелерін автоматтандыру қарастырылған. Солтүстік Аралдың болашағы Сырдария суының тұрақты келуіне де байланысты. Бұл бағытта көрші мемлекеттермен келісім жасалып, су қоймаларының жұмысын үйлестіру күшейтіліп жатыр.
Жандос Сәлімов, ҚР Су ресурстары және ирригация вице-министрі:
– Трансшекаралық су мәселесі бойынша Қазақстан барлық көршілес мемлекеттермен құқықтық базаны қалыптастыруды аяқтады. Мәселен, былтыр Өзбекстан Республикасымен трансшекаралық су нысандарын бірлесіп басқару және ұтымды пайдалану туралы келісімге қол қойылды. Бұл құжат 10 жылға созылған келіссөздер нәтижесінде қабылданды. Жолға қойылған дипломатия мәселесімен Сырдария өзеніндегі келісілген жұмыс режимдерінің арқасында Солтүстік Арал теңізіне судың аз кезінде де судың келуі қамтамасыз етіледі.
Теңіздің құрғаған табанында да шөлейттенуге қарсы жұмыстар жалғасын табуда. Орман мелиорациясының аумағы 1,1 млн гектарға жетіп, 56 млн-нан астам сексеуіл көшеті егілді.
Авторлары: Данияр Сұлтан, Нұрлан Жақыпбек
Тегтер #Солтүстік Арал #жаңа кезең #Тәуелсіздікке 35 жыл
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz