RU
Толық нұсқаға өту

Жамбыл облысында «Қыс – 2026» оқу-жаттығуы өтті

20.11.2026, 21:18 41

Жамбыл облысында құтқарушылар «Күйік» асуында қар құрсауында қалған жолаушыларды құтқарды. Жол апатына ұшыраған жүргізушілерге көмек көрсетті. Бұл «Қыс–2026» командалық-штабтық оқу-жаттығуының сценарийі бойынша ұйымдастырылды, деп хабарлайды 24KZ.

Жуалы ауданында қыста қар қалың жауып, жиі боран соғады. Жолдар көктайғақ болып, көлік қозғалысы қиындайды. Салдарынан жол апатының қаупі де артады. Сондықтан мұнда қысқа дайындық жұмыстары ерте басталады. Осыған орай Күйік асуында «Қыс – 2026» оқу-жаттығуы өтті. Оқу-жаттығу сценарийі бойынша жол-көлік оқиғасы болып, автокөлік өртке оранды. Оқиға орнына алғашқы болып медицина қызметкерлері мен өрт сөндірушілер жетті.

Күйік асуында қатты боран салдарынан жолда жүк көліктер жиі тұрып қалады. Құтқарушылар осындай жағдайға тап болған жолаушыларға да жәрдемдесті. Олар адамдарды көліктерден шығарып, жылыту бекеттеріне жеткізді.

Азат Кәрімов, облыстық «Апаттар медицинасы орталығы» мекемесінің дәрігері:

– Мысалы, қазір біз тікұшақ шақырдық. Науқасты шұғыл түрде жеткізу қажет болғандықтан, оны тікұшаққа отырғыздық. Мұндай жағдайда қандай шаралар қабылдау керегін білу маңызды. Сондықтан кез келген жағдайға дайын болу үшін бізде осындай оқу-жаттығулар тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Бұл тәжірибе біз үшін өте тиімді әрі кәсіби білімімізді арттыруға көп көмегін тигізеді.

Жалпы командалық-штабтық оқу-жаттығуға 35 техника мен 80 қызметкер жұмылдырылды. Олардың қатарында құтқарушылар, медицина мамандары, полиция және коммуналдық қызмет өкілдері бар.

Қанат Иманқұлов, облыстық ТЖД басқарма бастығы:

– Оқу-жаттығу барысында ықтимал төтенше жағдайлардың салдарын жою, адамдарды эвакуациялау және техникаларды қар құрсауынан шығару бойынша кешенді жаттығулар өткізілді. Сонымен қатар азаматтық қорғау қызметтерінің іс-қимылы пысықталды.

Дәл осындай тактикалық-арнайы оқу-жаттығуларын Мойынқұм және Қордай аудандарында да өткізу жоспарланып отыр. Құтқарушылардың басты міндеті – төтенше жағдайлардың алдын алып, қыс мезгілінде тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz