Жаңа жылдан бастап жәрдемақы берудің ережесі өзгереді. Енді ел тұрғындарына берілетін 36 түрлі көмектің 14-іне мұқтаждық талабы енгізіледі, деп хабарлайды 24KZ.
Ол үшін тұрғындардың тұрмыс деңгейі бес санатқа сараланып, ауқатты отбасылар кейбір төлем түрінен қысқартылады. Осылайша, мемлекет қаржылай көмекті шын мұқтаждарға бағыттайды.
Шернияз Жалғасбекұлы, тілші:
– Билік басындағылар бұқараны бес санатқа бөлуге бейіл. Енді елдегі азаматтар әлеуметтік әлеуетіне байланысты А,В,С, Д, Е дейтін топтарға бөленіді. Мәселен, алғашқы А,В санаттарына жан басына шаққандағы табысы 305-356 мың теңгеден асатын, тұрғылықты үйі мен үлкен кәсібі бар отбасылар енеді. Мұндай жандар мемлекет мезіретінің 14 түрінен қағылады. Яғни жаңа жылдан бастап жәрдемақы алмайды.
Ол үшін елде әр жанұяның цифрлық картасы әзірленген. Онда тұрақты табысы, банктерге берешегі, мүлік меншігі, көлік, кәсібі, қосымша активтерінің бар-жоғы жазылған.
Саяжан Ешанкулов, ҚР ЕХӘҚМ «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ басқарушы директоры:
– Бүгінде отбасының цифрлық картасы мемлекеттік органдардың дерекқорымен 30-ға жуық интеграцияны қамтиды. Бұл – соның негізінде отбасының әл-ауқатын бағалауға мүмкіндік беретін аналитикалық шешім. Жүйеде 20 млн-нан астам адам 6,2 млн-нан аса отбасыға шоғырландырылған. Жалпы отбасын бағалау барысында бірнеше санат қарастырылады. Бұл – бірінші кезекте, отбасының әл-ауқатына тікелей әсер ететін табысы, оның жеке активтері, сонымен қатар отбасыдағы отбасы құрамының сапасы.
Қазір мемлекет тұрғындарға 36 түрлі жәрдемақы беріп келеді. Оның 14-і жаңа жылдан бастап тек С, Д, Е санатындағы жандарға беріледі. Қалғаны қарашаның әлеуметтік әл-ауқатына қарамастан төленіп отырады.
Асқарбек Ертаев, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:
– Отбасының әл-ауқат деңгейіне қарамастан жекелеген әлеуметтік кепілдіктер саны сақталады. Олардың қатарында мүгедектігі бар балалар, 1-ші және 2-ші топтағы мүгедектігі бар адамдарға, тұл жетімдерге сондай-ақ, зейнеткерлер мен көпбалалы, наградалармен марапатталған аналарға арналған жәрдемақылар сақталады.
Сондай-ақ азаматтар әлеуметтік көмектерден өз еркімен бас тарта алады. Министрлік eGov Mobile қосымшасына енгізілетін жаңа қызметтің жобасын таныстырды. Оның көмегімен әлеуметтік жәрдемақы алатын тұрмысы жоғары азаматтар мемлекеттік органдарға бармай-ақ, онлайн режимде төлемдерден бас тарта алады. Мұндай мүмкіндікті 200-ден астам адам қолданған.
Ерасыл Жұманбаев, ҚР ЕХӘҚМ «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ президенті:
– Атаулы әлеуметтік көмек беру немесе тағайындау кезінде біз қазіргі таңда ЖИ қолданамыз. Атаулы әлеуметтік көмек тағайындау кезінде ашықтық пайда болды. Сонымен қатар бұл жүйеде тағайындау уақыты қысқарды. Мұны да атап өтсек болады. Сонымен қатар жалпы бұл жүйе республикалық деңгейде қолданылып, мониторинг жүргізетін болады.
Иә, тұрмысы түзелген тұрғындар да бар. Министрліктің мәліметіне мән берсек, былтыр 480 355 мұқтаж отбасының өмір сүру жағдайы жақсарған. Ал жыл басынан бері тағы 464 158 отбасы осы санатқа көшті.
Авторлары: Шернияз Жалғасбекұлы, Қанат Махмутов
Тегтер #24KZ #жәрдемақы #өзгеріс #тұрғындар #Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz