Келер жылы Қазақстанның коммуналдық секторына салынатын инвестиция көлемін 1 трлн 900 млрд теңгеге дейін жеткізу жоспарланып отыр. Бұл биылғы көрсеткіштен шамамен 48 пайызға көп, деп хабарлайды 24KZ.
Қоғамдық кеңес отырысында Ұлттық жоба аясында осы қаржының қалай жұмсалатыны және жаңғыртудың коммуналдық төлемдерге ықпалы талқыланды.
«Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы 2029 жылға дейін жүзеге асады. Оның мақсаты инженерлік желілердің тозуын азайтып, коммуналдық қызметтердің іркіліссіз жұмыс істеуіне негізделген. Ресми дерек бойынша салаға құйылатын инвестиция 11 трлн теңгеден асады. Қаржы электр, жылу және сумен жабдықтау және су бұру жүйелеріне бөлінеді.
Қанат Бозымбаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:
- Биыл негізінен «қызыл аймақта» тұрған кәсіпорындарға көңіл бөлдік. Нәтижесінде жұмыстың басым бөлігі электр энергетикасына тиесілі болды. Себебі бұл саладағы кәсіпорындар, мысалы, сумен немесе жылумен жабдықтау кәсіпорындарына қарағанда дайын еді. Осылайша, электр энергетикасының үлесі 60 пайыздан асты. Егер жаңғырту салдарынан тарифтер қысқа мерзімде айтарлықтай өссе, бізге басқа тетіктер қажет болады.
Биыл 12 мың шақырым инженерлік желіні жөндеу жоспарланды. Келер жылы коммуналдық секторды қаржыландыру көлемі шамамен 48 пайызға артады. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің дерегінше, электрондық сатып алу алаңында қазақстандық өндірушілермен 116 шарт жасалды. Вице-премьер отандық және импорттық өнімнің қай нысанға, қандай көлемде сатып алынғаны туралы Қоғамдық кеңеске жарты жыл сайын есеп беру ұсынысын қолдады.
Сұңғат Есімханов ҚР Құрылтайының депутаты, ЭКСЖ қоғамдық кеңесінің төрағасы:
– Ең алдымен қазақстандық өндірушілерді қолдау мәселесі деп айтуға болады. Өйткені үлкен ауқымды қаражат келіп жатыр. Соның бәріне дұрыс бақылау жасау керек. Одан цифрландыру мәселелерін қарау керек. Өйткені мамандар мен қағазбен бақылау қиын. Осы жақтың қоғамдық мәселесін қарау керек. Ол – негізгі бәр мәселе. Екіншісі – дұрыс жобалау. Өйткені жалпы желілердің тозу мәселесін айтамыз. Дайын жобалар болып қалады. Сондықтан ол нақты қай жерде керек? Тұтынушыларға қандай көмек жасайды? Соны қарауымыз керек.
Келер жылы салаға 2 трлн теңгеге жуық инвестиция тартылады. Қаржыландыруға банктерді көптеп тартып, коммуналдық кәсіпорындарды қолдау және отандық жабдық пен материал өндірушілерді тапсырыспен қамту көзделген.
Авторлары: Данияр Сұлтан, Артём Грапов, Санжар Біргебаев
Тегтер #24KZ #энергетика #ұлттық жоба #қорытындыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz