RU
Толық нұсқаға өту

Абай облысында ет өңдеу комбинаты ашылады

21.11.2026, 10:10 16

Абай облысында толық циклді ет өңдеу комбинаты іске қосылады. Енді малдың еті ғана емес, ішек-қарын мен терісі де өңделеді. Жоба қалдық көлемін мейлінше азайтып, қосымша өнім түрлерін шығаруға мүмкіндік береді. Өңдеу өнеркәсібін дамыту Мемлекет басшысының Жолдауда тапсырған негізгі міндеттің бірі, деп хабарлайды 24KZ.

Абай облысы – мал шаруашылығы қарқынды дамыған аймақтың бірі. Жылына 80 мың тоннадан астам ет өндірілсе де, төрт түлік саны кеміген емес. Қазір 900 мың бас ірі қара, 1 млн 300 мыңнан аса қой-ешкі, 500 мыңдай жылқы бар. Өз кезегінде өңірде ет өңдеу инфрақұрылымын дамыту мәселесі күн тәртібінде тұр. Бүгінде Шақаман ауылында ет комбинаты салынып жатыр.

Қайрат Иманғожинов, «Eurasia Agro Semey» ЖШС директорының орынбасары:

– Мал сою цехы бізде екіге бөлінеді. Біріншісі – ірі қара малын сою. Күніне ауысым сайын 100 бас ірі қара немесе жылқы соямыз. Екінші цехта 1000 бас қой соямыз. Одан кейін бізде осында өндірілген барлық өнімді өңдейтін цехтар бар. Яғни, ішкі құрылысын, субөнімдерді, жалпы, соның барлығын өңдейтін цехтар. Енді бізде ешқандай қалдық болмайды.

Өндіріс орны ашылған соң толық циклмен жұмыс істейді. 12 цехта шұжық өнімдері, қалбырдағы ет және жартылай дайын тағамдар әзірленеді. Басты артықшылығы – мал сойылғаннан кейін қалдық қалмайды. Мәселен, мамандар төрт түлік қаны мен сүйегінен ауыл шаруашылығында қолданылатын арнайы ұн жасамақшы. Қорытылған май өндіріп, малдың ішек-қарны мен терісін де кәдеге асыруды көздейді. Аумағы әрі технологиялық әлеуеті жағынан жаңа комбинат елдегі ірі кәсіпорынның бірі болады деп күтіледі.

Ерлан Кенжебекұлы, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

– Жылдық қуаттылығы 11 мың 400 тонна дайын ет өнімдерін құрамақ. Қосымша бұл жобаның барлық қаражаты 10 млрд теңгеге жуықтайды. Оның 4,5 млрд теңгесі біздің ауыл шаруашылығына ауқымды жобалар бағдарламасы арқылы осы ет комбинатының құрылысына несие ретінде берілген. Абай облысының шаруа қожалықтары мен ет комбинатының арасында өзара келісімшарт жасалды.

Ет өңдеу комбинатын шикізатпен тұрақты қамтамасыз ету мақсатында өзге өңірлерден де мал сатып алынады. Бұл ретте ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді субсидиялау, жеңілдікпен қаржыландыру секілді мемлекет қолдауы жалғаса береді. «Мұндай шаралардың шаруаларға мал басын көбейтіп, өндіріс қарқынын ұлғайтуға серпін беретіні анық», – дейді мамандар.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Мәди Базарбеков

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz