Ақмола облысында зейнеткер қой жүнін кәдеге жаратып отыр. Ісмер қария жүннен киіз басып, одан ауыл шаруашылығы техникаларына қажетті жылу оқшаулағыш материалдар тігеді, деп хабарлайды 24KZ.
Ауыл халқының тапсырысына қарай басқа да тұрмысқа қажетті бұйымдар жасайды.
67 жастағы Тигран Смбатян – кәсіби модельер. Кеңес үкіметі кезінде ол ірі кәсіпорындарда тон пішіп, тіккен кәнігі маман. Кейіннен жеңіл өнеркәсіп тұралап, бұл саладан біраз уақыт қол үзіп қалады. Ал соңғы жылдары жергілікті диқандардың бірі оған: «Қой жүні текке қоқысқа кетіп жатыр, қолыңнан келеді, кәдеге жаратсаңшы», - деген ұсыныс жасапты. Міне, содан бері ісмер қария ауыл шаруашылығы техникаларының қозғалтқышына қажетті жылу оқшаулағыш материал жасап келеді.
Тигран Смбатян, ісмер:
– Біз айына шамамен 800 келі қой жүнін қабылдап, одан таза 400 келі киіз басып аламыз. Серіктестіктің комбайн, тракторларына жылу оқшаулағыш тігуден бөлек атқа тоқым, жабу, есікке қаптама секілді дүниелерді жасай береміз. Жалпы киіз басып, одан бірдеме тігу деген оңай шаруа емес. Ол үлкен ыждаһаттылықты талап етеді.
Ел ішінде сирек кездесетін бұл кәсіпке Тигран ақсақал бүгінде ұлдарын да тартып жүр. Осылайша екі ұлымен бірге отбасылық кәсіпті дөңгелетіп отыр. Армандары – кәсіп аясын кеңейту.
Сергей Смбатян, ісмердің ұлы:
– Қазір тек аудан көлемінде жұмыс істеп жатырмыз. Келешекте бүкіл ел бойынша тапсырыстар алғымыз келеді. Бірақ ол үшін цехты кеңейтіп, жаңа қондырғылар сатып алу қажет. Бізді осындай өнерге баулыған әкемізге дән ризамыз. Арнайы біліміміз болмаса да, әкеміздің мектебінен өткенбіз.
Ең бастысы, олар ауылда қоқысқа айналған қой жүнін кәдеге жаратып отыр. «Ісмер ақсақал, халық осы бір құнды дүниенің қадірін білсе», – дейді.
Тигран Смбатян, ісмер:
– Қой жүні деген нағыз табиғи материал. Ол өте жылы болады. Бұрын одан ішік пен тон тігетін. Қой жүнінен шұлық та кидік. Киіз үй деген сөздің өзі осы жүннен жасалған киізден шыққан емес пе? Бір кездері төсеніш те болды. Қысқасы, одан бәрін жасауға болады. Тек ерінбесең болды. Бірақ қазір оның ешкімге керексіз боп қалғаны қынжылтады.
Тигран ақсақал кәсібі өрге жүзіп жатса, келешекте қазақтың киіз үйін де жасағысы келеді. Ал шағын ғана ауылда осындай кішігірім бизнесті дөңгелетіп отырған жерлестеріне жергілікті әкімдік те дән риза. Себебі өз-өзін жұмыспен қамтып, ел игілігіне жарап отыр.
Татьяна Гильгенберг, Журавлевка ауылдық округінің әкімі:
– Мұндай қой жүнін өңдеу өнеркәсібі маңайда мүлдем жоқ десек болады. Ауылдықтар қазір қой жүнін осы цехқа сатып, олардан арзан бағада киіз немесе киізден жасалған заттар сатып ала алады. Оның үстіне Смбатяндар отбасы қазақтың ежелгі киіз басу өнерін жаңғыртып отыр. Киізден жасалған дүниелер келешекте сәнге айналады деп ойлаймын.
Айта кетейін, елімізде жыл сайын мыңдаған тонна қой жүні өңделмей, қоқысқа тасталады. Ал құнды шикізатты кәдеге жаратып отырған кәсіпорындар саусақпен санарлық. Ел бойынша 5-6 фабрика ғана осы іспен айналысады. Тигран ақсақал секілді шағын цехтар көбейсе, олардың біразы келешекте үлкен өндіріс ошағына айналары сөзсіз.
Авторлары: Дамир Берікұлы, Санжар Біргебаев
Тегтер #24KZ #Ақмола облысы #қария #қой жүні #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz