Бүгіннен бастап балық аулаудың тәртібіне өзгеріс енді. Елде тыйым салынған бірнеше тор түрлерін қолдануға рұқсат берілді. Алайда ау арқылы ауланатын балық көлемі өзгеріссіз қалды. Белгіленген мөлшерден асса, бұрынғыдай арнайы рұқсат алу қажет, деп хабарлайды 24KZ.
Бұл – Бақытжан Әділбеков. Қаланың қыз-қыз қайнаған тіршілігінен қолы қалт етсе, қармағын сайлап, өзенді бойлап, балық аулағанды жөн көреді. Оның жанқалауы әуесқойлыққа қарағанда кәсібилікке көбірек келеді. Бір жылдары қалтқы қармақпен балық ұстаудан ел чемпионы да атанған. Биыл да, күз түсіп күн суытқаннан асай-мүсейін даярлап, дайындықты бастап кетті.
Бақытжан Әділбеков, қалтқы қармақпен балық аулаудан ҚР чемпионы:
– Мұзға шығу үшін оның қалыңдығы кемінде 10 сантиметр болуы керек. Өзіңізбен бірге міндетті түрде құтқару кеудешесі, ысқырық, мұздан құтқаруға арналған үшкір ілмектер, диаметрі кемінде 11 миллиметр, ұзындығы 12 метрден асатын арқан және су өткізбейтін қаптағы телефон болуы қажет.
Бізде бас-аяғы бір жылдың бедерінде 45-50 мың тонна балық ауланады. Биыл да қазан ауыз жоғары болатын секілді. Келешекте көрсеткіш көбеймесе, кемімейді. Себебі сол, ау пайдаланудың тәртібі өзгеріп, 2012 жылдан бері шектеу салынған тор түрлерін қолдануға рұқсат берілді.
Марат Қалмұратов, ҚР АШМ Балық шаруашылығы комитетінің басқарма басшысы:
– Бұл – мононитьтен, яғни моноталшықтан жасалған, қалыңдығы 0,2 миллиметр болатын аулар. Бұған дейін мұндай ауларды пайдалануға тыйым салынған еді. Біз ғылыми ұйымдармен бірлесіп, осы ауларды қолдану мәселесіне талдау жүргіздік. Нәтижесінде оларды пайдалануға арналған пилоттық жобаның мерзімін 2030 жылға дейін ұзарту туралы шешім қабылдадық. Бес келіге дейін балықты ешқандай рұқсатсыз аулауға болады. Ал одан асқан жағдайда жергілікті атқарушы органнан рұқсат алу қажет.
Иә, ережені ескермей, қауіпсіздікті қаперден қалыс қалдыратын қармақшының да қарасы қалың. Мұз қатпай көл бетіне шығатындар көп. Одан қалды, тыйым салынған уақыттарда балық аулайтындар да бар. Жыл басынан бері елде мұндай бес мыңға жуық заңбұзушылық анықталған.
Авторы: Шерния Жалғасбекұлы
Тегтер #24KZ #балық аулау #заңбұзушылық #тыйым салуPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz