54 үйі бар елді мекенге 5 шақырым құбыр тартылды. Тұрғындар отын жағып, пеш жағудың машақатынан арылды, деп хабарлайды 24KZ.
«Жалпы алдағы 4 жылда облыстағы барлық ауыл толық газбен қамтылады», – дейді жауаптылар.
Арқарлыға келін болып түскелі Мақпал Сәмбетова көгілдір отынды асыға күтті. Ауылдың тұрмысы жеңілдеп, от жағудың қиындығынан енді құтылды. Әсіресе қыста отын жинап, үйдің жылуын сақтау оңай емес еді.
Мақпал Сәмбетова, Арқарлы ауылының тұрғыны:
– Ауылға газ түсіп, қазір қуаныштымыз барлықтарымыз. Күткеніме 13 жыл болды. Енді жылда келеді, келеді деп күтетінбіз. Енді ауыл суық болған кезде білесіздер ғой, өздеріңіз, балалар таңертең сабаққа баратын кезде, әсіресе, жаурап қалмасын деп, температураны сақтау үшін, түнімен отпен алысатынбыз. Енді қазір, Аллаға шүкір, бір қалыпты температурада қойып қоямыз, жақсы болды.
Алматы облысындағы 373 елді мекеннің 75-і табиғи газға қосылған. Келесі жылы тағы 25 ауылға көгілдір отын жеткізу жоспарланып отыр. Жамбыл ауданында газдандыру көрсеткіші 72 пайызға жетті.
Ақниет Тұматаев, Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары:
– Осы жақында ғана қосымша үш ауылымызды газға қосу мәселесі көтерілген. Ол – Қопа, Қызылсоқ және Көкқайнар ауылдары. Ол ауылдардың маңынан газ желісі жүріп отыр. Елді мекендерді газдандыру жобасына енгізілгеннен кейін жобалық сметалық құжаттары әзірленіп, құрылыс жұмыстары жүргізілетін болады келешекте.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2030 жылға дейін облысты толық газбен қамту көзделген. Келесі жылы шалғайдағы Кеген және Райымбек аудандарына газ құбыры тартылады. Қазір жалпы ұзындығы 294 шақырым магистральдық газ құбырын тарту жобасы әзірленген.
Авторлары: Гүлім Советқан, Аят Дүйсембай
Тегтер #24KZ #жарнама #Алматы облысы #газ құбырыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz