RU
Толық нұсқаға өту

Ойылда жаңа көпір пайдалануға берілді

21.11.2026, 16:15 25

Ақтөбе облысында екі жыл бұрын су тасқынынан қираған көпірдің орнына жаңасы салынды. Ойыл өзенінің үстінен өтетін өткел жұрт игіліне берілді. Көпір құрылысы екі жылда аяқталды, деп хабарлайды 24KZ.

Арнасынан асқан Ойыл өзені өңірдегі бірнеше ауылды басып, екпіндеп келген сең ескі көпірді қиратып өтті. 2024 жылдың көктемі бұл аймақтың тұрғындарын біраз әбігерге салды. Аудан орталығына қалқымалы көпір арқылы қатынап, пантон өткелімен гуманитарлық жүк жеткізілді.

Арнұр Ізғали, Ойыл аудандық ТҮКШ бөлімінің бас маманы:

– Көпір жоқ кезде уақытша жол салынды. Сол жолмен қатынадық. Жаңбыр жауғанда балшық болып, ауылға кіруге кедергі болатын. Бұл көпір ашылғалы біраз жолымызды қысқартты. Шаң, шақпатас жойылды.

Серікбол Жауынбайұлы, Ойыл ауылының тұрғыны:

– Қиындықтар болды. Басында қайықпен жүрді. Содан кейін қазір көпіріміз ашылды. Жақсы. Жол сайрап жатыр, ешқандай кедергі жоқ. Халықтың игілігіне пайдаланып жатыр.

Көпірді салмас әр көктемде таситын өзеннің жайы ескеріліп, сең қозғалысының қарқыны зерттелді. Өткелдің қадалары терең қағылып, 8 тірекке бекітілді. 56 арқалық төселді.

Олег Лукьянов, «Тенгизстройсервис Групп» ЖШС бас инженері:

– Көпір құрылысы жобаға сай, белгіленген мерзімде салынды. 7 аралықтан тұрады, әрқайсысының ұзындығы – 33 метр. Қазіргі уақытта көпірге кіреберіс жолдарды абаттандыру жұмыстары жүріп жатыр. Жалпы көпірдің құрылысы толықтай аяқталды.

Мансұр Есқожин, тілші:

– Жаңа көпірдің ұзындығы – 232, ені – 11 метр. Екі жолақты автомобиль және жаяу жүргіншілер жолы төселді. Құрылысшылар: «Салмағы 60 тонна болатын ауыр арнайы техниканы да көтереді», - дейді. Бастысы, аудан орталығына төте жол ашылды.

Жаңа көпірдің құрылысына 3 млрд 400 млн теңге жұмсалды. Бұл қаражат төтенше жағдайлар резерві есебінен бөлінді.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz