RU
Толық нұсқаға өту

Цифрлық таңбалау – заңсыз тауар айналымына тосқауыл

21.11.2026, 17:19 27

Былтыр елде 5,4 млрд теңгенің заңсыз темекі өнімдері анықталды. Мамандар таңбалау жүйесін енгізудің арқасында көлеңкелі айналымның жолын кесуге мүмкіндік молайғанын айтады. Қазақстан келер жылдан бастап жеңіл өнеркәсіп тауарларын, зергерлік бұйымдарды, ағаш өнімдерін, медициналық мақсаттағы бұйымдарды, өсімдік майларын, кондитерлік өнімдерді, тұрмыстық химия мен косметиканы таңбалай бастайды, деп хабарлайды 24KZ.

Астана Рухани Әбдірахман, тілші:

– Мысалы, мынау кез келген тауар делік. Қаптамасында өнім жайлы ақпараты бар. Бірақ оның түпнұсқа екенін қалай білеміз? Қолымдағы құрылғы оны анықтайды. Тауарды тексерген кезде таңбаланғаны расталады немесе цифрлық таңбалаудан өтпесе: «Код жүйеде табылмады» деген қызыл белгі шығады. Демек ондай тауар көлеңкелі айналымда жүр.

Таңбалаудың көмегімен тауардың заңсыз айналымын анықтау жолы жеңілдеді. 2022 жылы 2 млрд теңгенің темекі өнімдері көлеңкелі нарықтан тәркіленсе,

Былтыр ол 5 жарым млрд теңгеге жуықтады. Акциз түсімдері 2021 жылмен салыстырғанда 1,6 есе өсті. 2024 жылы дәрі-дәрмекті таңбалау басталғалы заңсыздықтарға тосқауыл күшейді.

Әсет Өтеғалиев, ҚР СИМ цифрлық трансформация және тауарларды таңбалау департаменті директорының орынбасары:

– Әлеуметтік берілетін дәрілер бар ғой больницаның ішінде тегін берілетін дәрілер. Оның барлығын коммерциялық тұрғыда аптеканың ішінде сатылғанына көз жетіп, оның барлығын құзырлы органдарға беріп. Қазіргі уақытта заңсыздықтың барлығын жойған болатынбыз.

Баршаға ортақ талапты бұзып, тауарды айналымға шығару – әділ бәсекелестік қағидасына қайшы келеді. Себебі – контрабанда ел экономикасының өсімін тежейді.

Бағдат Мусин, «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы:

– Тауарларды сәйкестендіру ең алдымен Қаржы министрлігіне қажет. Бұл салық жүйесінің мінсіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін жасалады. Мысалы, Қытайдан импортталатын кез келген тауар шекарадан өткен кезде сәйкестендіріліп, оған арнайы таңбалау белгісі жапсырылса, кейінгі сату кезеңдерінің барлығы қадағаланады. Тіпті тауар он делдал арқылы сатылған жағдайда да, әрбір кезеңде кімнің қанша табыс тапқаны нақты көрініп тұрады. Осылайша, салық жүйесін цифрландырудың мүлде басқа моделіне көшуге мүмкіндік туады.

Қазір елде 7 тауар түрі таңбаланып жатыр. Бұл – темекі, сыра өнімдері, аяқкиім, дәрілік заттар, киік дериваттары, мотор майлары, сондай-ақ биологиялық белсенді қоспалар. Ол өнім елде өндірілсе де, сырттан кіргізілсе де – міндетті идентификация рәсімінен өтеді. Data Matrix кодпен таңбалау арқылы әр өнімнің қозғалысы ашық бақыланады. Тұтынушы оны Naqty Onim мобильді қосымшасынан тексере алады.

Әділет Ысқақов, «SOFT IT KAZAKHSTAN» ЖШС өкілі:

– Біздің компания тауарларды таңбалау процесінің бастапқы кезеңінен бастап, таңбалау коды тауарға енгізілгенге дейінгі жұмыстармен айналысады. Темекі өнімдерін өндіретін зауыттармен серіктестік орнатқанбыз. Сонымен қатар азық-түлік және сүт өнімдерін өндіретін компаниялармен де жұмыс істейміз. Бұл компаниялар өз өнімдерін экспортқа шығарған жағдайда да тауарларды таңбалау қажет болады. Сондықтан біз оларға осы бағытта қызмет көрсетеміз.

2029 жылға дейін міндетті таңбалауға жататын тауарлар тізімі 17-ге дейін кеңейеді. Мемлекет үшін бұл – заңсыз тауар айналымымен күресу құралы. Адал кәсіпкерлер үшін – жосықсыз бәсекеден қорғану мүмкіндігі. Ал тұтынушы түпнұсқа тауарға кепілдік алады.

 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz