Үш жылға жоспарланған жобаның жалпы құны 5 млрд теңгені құрайды. Биыл алғашқы кезеңі аяқталады. «Мердігерлер келесі жылдың соңына қарай баспаналардың алды көгілдір отынға қосылады», – дейді. Жоба толық аяқталғанда шағын шаһардағы үш мыңға жуық жеке үй түгел қамтылады, деп хабарлайды 24KZ.
Қаладағы 70 мыңға жуық халықтың 12 мыңнан астамы жеке секторда тұрады. Жыл санап құрылыс көбейіп, қаланың аумағы өсіп жатыр. Қазірдің өзінде жылу тапшылығы бар. Мамандар: «газдандыру жобасы қаланың экологиялық ахуалына оң әсер етіп, бастысы, осы тапшылықты жояды», - дейді.
Азамат Кенжалиев, Сәтбаев қалалық құрылыс бөлімінің басшысы:
– Қазіргі таңда Сәтбаев қаласының жылу желілерінде 30 гигакалория жылу тапшылығы бар. Газ қосылғаннан кейін бұл тапшылықты жоюға мүмкіндік туады. Сонымен қатар қазандықтарға түсетін жүктеме де азаяды.
Газдандыру жобасы үш кезеңмен жүзеге асады. Алғашқы кезеңдегі құрылыс жұмыстарына республика бюджетінен 1 млрд теңге бөлінді. Бұл қаржыға Жезқазғаннан Сәтбаевқа дейін 12 шақырымға жуық магистралдық газ құбыры тартылады.
Руслан Біленов, мердігер компания өкілі:
– 11 қараша күні жұмысты бастадық. Қазіргі уақытта екі шақырым құбыр жеткізілді. Соның бір шақырымын дәнекерлеп, монтаждауға дайындап қойдық. Жыл соңына дейін 11 шақырым 700 метр құбырды төсеп, пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз.
Жауапты мамандардың айтуынша, келесі жылдан бастап алғашқы мың абонент көгілдір отынға қосылады. Ал жоба толық аяқталғанда қаладағы 2745 жеке тұрғын үй және 5 ірі әлеуметтік нысан мен 10-ға жуық шағын және орта бизнес нысаны табиғи газбен қамтамасыз етіледі. Сәтбаевтан бөлек Жаңаарқа, Жәйрем кенті мен Қаражал қаласына газ тарту жұмыстары жүріп жатыр.
Аяулым Есенғалиева, ТҮКШ және Энергетика басқармасының бас маманы:
– Бүгінгі таңда облыс бойынша 2000-нан астам абонент табиғи газға қосылған. Атап айтқанда, Кеңгір ауылы және Жезқазған қаласы бойынша бірінші, екінші және төртінші кезектер бойынша құрылыс жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілді. Қазіргі таңда өңірлік газдандыру схемасын өзектендіру жұмыстары жүргізілуде. Соның аясында тағы да бірнеше елді мекендерді газдандыру жобасына енгізу көзделген.
Жалпы облысты газдандыру жобасы 6 жыл бұрын басталды. Өңірлік бағдарламаға сәйкес 2030 жылға дейін облыстағы халық тығыз орналасқан 9 елді мекен табиғи газға қосылады. Қазіргі таңда Қарсақбай кенті мен Ұлытау ауылына газ тарту жобасы мемлекеттік сараптамадан өтіп жатыр.
Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев
Тегтер #Сәтбаев #табиғи газ #жоба
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz